Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов, Сайқын ауылдық округінің әкімі Шыңғыс Абдоллин және тиісті сала басшылары аудан орталығында салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапары аудан орталығындағы жаңа супермаркет құрылысы алаңынан басталды. Кездесу барысында «Мұхамбетияров» ЖК өкілі құрылыс жұмыстарының бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жалпы құны 200 миллион теңгеден асатын инвестициялық жоба аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Кәсіпкер алдағы уақытта қонақ үй салуды да жоспарлап отырғанын атап өтті.

Келесі кезекте асхана мен кафе құрылысына арналған нысан қаралды. «Асқар» ЖК өкілінің айтуынша, биыл ғимараттың қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылады деп жоспарлануда. Құны шамамен 200 миллион теңгеге жуықтайтын жобаның ішкі әрлеу жұмыстарын келесі жылы аяқтау көзделіп отыр екен.

Кездесу барысында аудан әкімі кәсіпкерлікті дамыту аудан экономикасының маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты. Сонымен қатар қолға алынған жобалардың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Аралау барысында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалмады. Құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысқан аудан басшысы мердігер ұйым өкілдеріне тұрғын үйлердің сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуінің маңыздылығын ескертіп, ең алдымен құрылыс сапасына басымдық берілуі қажет екенін атап өтті.
Еркебұлан Бисенғалиев
Суретке түсірген автор
Бөкей ордасы ауданы
