7.05.2024, 14:36
Оқылды: 25

Бөкейде әскери-патриоттық әндер әуеледі

Бөкей ордасы ауданы әкімінің қолдауымен, аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында әскери-патриоттық әндер байқауы өтті. 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні және Ахмедияр Құсайыновтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған байқауға барлығы 11 үміткер қатысып, бақтарын сынады.

IMG-20240506-WA0078

Алғаш сөз алған аудандық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков:

- Жастардың бойында әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру, оларға патриоттық әндерді үйрету және ұмыт қалған әндерді шырқау мақсатында мерекеге орай осы байқауды ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ ардагерлерді қоғамдық өмірден шет қалмай оның ортасында болуға шақыру. Баршаңызға мереке құтты болсын. Үміткерлерге сәттілік тілеймін! - деді.

IMG-20240506-WA0082

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең - әскери әндер, екінші кезең - еркін тақырыптағы патриоттық әндер.

Қатысушыларға аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, музыка мектебінің директоры Айзада Тілепова, еңбек ардагері, жергілікті ақын Қалампыр Айтжанова төрелік етіп, әділ бағаларын берді.

IMG-20240506-WA0083

Байқау шымылдығы “Надежда” би ансамблі бишілерінің мың бұралған биімен ашылды. Содан соң үміткерлер алдын-ала суырылған жеребе бойынша реттік сандарымен сахнаға шығып, патриоттық әндерді орындап өз өнерлерін ортаға салды. Сахна төрінде немерелерімен ән шырқаған аға-апаларымыздың өнеріне тәнті болған көрермендер ду қол шапалақтарын аямады.

IMG-20240506-WA0088

Қазылардың шешімімен I орынды Бисен ауылының қатысушылары Зәмірбек Мақсотұлы мен немересі Нұрхан Зәмірбек жеңіп алды. Ал II орынды Ұялы ауылының өнерпаздары Сайлаубек Мұқтаров пен шәкірті Бек Сергей иеленсе, III орын Бисен ауылынан келген Бекболат Бақтыгерейұлы мен немересі Бақытнұр Бекболатқа бұйырды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға байқауға белсене қатысқаны үшін алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ақсәуле Әлжанова,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале