25.04.2024, 0:19
Оқылды: 52

Бөкейде әжелер кеңес құрды

«Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің және жергілікті аналар кеңесінің ұйымдастыруымен  «Достық» үйінде әжелер жиыны өтті. Бұл шараға нәзік жандыларға қатысты. Барлық жұмыста бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесімен бөлісіп жүрген бір топ әжелер арнайы келді. 

әжелер (1)

Сондай-ақ, М.Мәметова, М-С.Бабажанов атындағы мектептің мұғалімдері мен шәкірттері, Бөкей ордасы колледжінің студенттері де, аудандық кітапхана мамандары да қатысып, ой бөлісті.

Зерделі әжелердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі өте жоғары және ата-әженің ұлағатты тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өскен баланың толыққанды тұлға болып қалыптасары анық.  Кішкентайынан ата дәстүрмен, ұлттық әдет-ғұрыппен, қазақтың ырымын жетік меңгеріп өскен баланың рухани тұрғыдан бай, елжанды, қайырымды азамат ретінде қалыптасары сөзсіз. Өкінішке қарай, заман алға озған сайын құндылықтар да өзгеріп барады. Жан-жақтан ағылған түрлі ақпараттарды қорытпай сіңіре беретін жастар отбасы құндылықтары, ата-әжелер мектебі, қазақы тәрбие деген түсініктерге теріс қарай бастағандай. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда шетелдік психолог-коучтар баланы титтейінен ешкімге жалтақтамайтындай еркін өсіру керек, баланың тәрбиесіне ата-анасынан өзге ешкім де жоламауы тиіс деген сыңды ақылдарын тықпалау арқылы ұл-қыздарды атасы мен әжелерінен алыстатып жатырғаны өтірік емес. Өкінішке қарай, сіз бен біз өмір сүріп жатырған қарама-қайшылықтардан тұрады. Әжесінің мейіріміне мұқтаж немере-жиенге немқұрайлы қарап, тәрбиесіне атсалысуды жөн көрмейтін әжелердің де бары шындық.

– Күні кеше кәмелеттік жасқа толмаған ұлын қараусыз қалдырған әйелге айыппұл салынды. Ең сорақысы, бұл кісі жиен көріп отырған әжей.  Қазақ қоғамында «маскүнем әже» деген түсінік болмаған шығар. Осы орайда біздің қоғамда әжелер мектебі соншалықты әлсіреп барады ма, қазіргі әжелердің бейнесі қандай болуы тиіс деген сұрақтардың қойылуы заңдылық. Осы орайда әжелеріміздің ойын тыңдап, көзқарасын білмек ниетте ақ жаулықты аналарымызды, жастарды  дөңгелек үстелге арнайы шақырдық, – деген «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арайлым Есмағұлова алдағы уақытта аталмыш шараны дәстүрлі түрде өткізілетінін қаперге берді.   Шарада сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева да аталмыш жиынның мән-мазмұнын ерекше атап өтіп,  аудан көлеміндегі әйелдерге қатысты орын алып жатырған әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Ұрпақ тәрбиесінде әжелердің ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары қажетті екенін, әжелердің де таным-көкжиектерін арттырып, өмірлік тәжірибелері мен білімдеріне сүйене жастарға  тұщымды ой, нақты кеңес беруге тиіс деді. Өз кезегінде ауданның құрметті азаматы, қоғам белсендісі Гүлжиян Бисекенова, аудандық ардагер ұстаздар ұйымының жетекшісі Нейля Нарболова және т.б әжелер де қазіргі әжелердің бей-бейнесіне, қоғамдағы беделіне қатысты ой өрбітіп, естеліктерімен де бөлісті. Жиынға арнайы қатысқан мектеп оқушылары,  колледж студенттері де сауалдарын қойып, тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салды.

Нұрай Таубай,

Бөкей ордасы ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале