Бүгін М-С.Бабажанов атындағы орта мектепте аудан мектептерінің үздіктері бас қосты. Бұлар жай ғана тоқсандық, жылдық үлгірімдері «бестік» бағаға бағаланған дар емес, білімділердің облыстық, республикалық кезеңдерінде топ жарып жүлде алғандар.

Таратып айтсақ, бұл шарада 2025-26 жылдың қорытындысы бойынша жекелей пәндер мен мәдени сайыстардың республикалық, облыстық кезеңдерінде аудан абыройын асқақтатқан оқушылар мен олардың ұстаздары марапатталды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Кенесары Нұршинов:

- Бұл шара жыл сайын өтеді. Бірақ биылғы шерудің жөні бөлек. Республикалық, облыстық олимпиадаларда жүлде алғандар саны артыпты. Сахнаға сыймай тұрған озаттарды көріп, көңіл марқайып отыр. "Саусақ түрлі болғанмен білек бір, тірлігі түрлі болғанымен тілегі бір" демекші, қай салада қызмет қылсақ та Бөкейдің жеткіншектердің жүлде алып, аудан абыройын асқақтатқанына шын қуанып отырамыз. Құрметті ұстаздар, осы жеңісті жолдарыңыз жалғасты болсын! Шәкірттеріміздің алар асуы бұдан да биік болсын! - деп тілегін білдіріп, республикалық пән олимпиадасының және түрлі бағыттағы байқау жүлдегерлері мен жетекшілерін марапаттады.

Ал, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова облыстық білім бәйгесінің жүлдегерлері мен жетекшілерін марапаттады. Аудандық білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Найлагүл Нарбулова республикалық олимпиада жүлдегері Анида Ахметкерееваға ноутбук, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омароваға "Үздік олипиадалық команда - 2026" аталымы бойынша І дәрежелі дипломды табыстады. Бұл марапат жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жақсы нәтиже көрсеткені үшін беріліп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, оқушылары республикалық пән олимпиадасында жоғары көрсеткіш көрсеткен ұстаздарға 100 000 теңге мөлшерінде сыйақы тағайындалса, кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұржан Сариев бірқатар мұғалімдерге санаторияға жолдама табыстады.
Анар Артықбай
Суретке түсірген Еркебұлан Бисенғалиев
Бөкей ордасы ауданы