21.09.2022, 17:15
Оқылды: 68

Болашақ сарбаздарға патриоттық тәрбие қажет

Казталов ауданында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарына шақыру науқаны көктем, күз айларында жоспарлы түрде жүзеге асуда. Бұл мәселеге қатысты газет бетінде талай мәрте мақала жазып, мәселе де қозғап келеміз. Әскер қатарына шақыру жұмыстары атқарушы биліктің де күн тәртібінен түскен емес. Әскерге болашақ сарбаздарды шақыру мәселесі қиындап тұрған секілді. Кей кезде ұзынқұлақтан: «Әскерден жалтарғандарды полициямен бірлесе ұстап, қамап жатыр» деген сөздерді құлағымыз шалып жатады. Осы мәселеге қатысты, жалпы, әскерге қатарына шақыру науқаны туралы білмек болып, Казталов аудандық қоғаныс істер жөніндегі бөліміне бас сұқтық.

Sarbazdarmyz

Бізбен аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі жасақтау тобының бастығы, капитан Әділжан Жәдігеров кездесіп, сауалдарымызға толыққанды жауабын берді.

-Қазақстан Республикасының 2012 жылдың 16 ақпанындағы № 561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына және Казталов ауданы әкімінің 2022 жыл 10 наурыздағы «2022 жылдың наурыз-шілдесінде және қыркүйек-желтоқсанында 1995-2004 жылдары туған азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастыру және қамтамасыз ету туралы» қаулысы талаптарын орындау негізінде, Казталов ауданы бойынша мерзімді әскери қызметке шақыру көктемгі науқаны аяқталып, күзгі шақыру жұмыстары басталуда. Осы уақытқа дейін медициналық комиссияға 19 шақырту ұйымдастырылып, әскерге шақыруға жатқызылатын 153 адамның медициналық комиссияға 153-і толық келді. Нәтижесінде жарамдылар – 38, шектеулі жарамдылар – 9, бейбіт уақытқа жарамсыздар – 14, емделуді қажет ететіндер – 4, білімін жалғастыру үшін – 57, басқа да себептер бойынша – 2, 27 жасқа толған 29 адам анықталды. Негізінен жоспар бойынша 35 болса, ауданымыздан 36 азамат Қазақстан Қарулы күштер қатарына алынды.

Әскер қатарына шақыру кезінде әскерден жалтару, яғни шақырту бойынша негізсіз келмей жүрген әскерге шақырушыларды іздестіру үшін Казталов аудандық ішкі істер бөлімінің полиция инспекторларымен бірлесе жұмыстар атқарамыз және тиісті шараларын аламыз. Болашақ сарбаздармен және олардың ата-аналарымен түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Сол кезде байқағанымыздай, жастарымыз моральдық-психологиялық жағынан әскерге баруға дайын емес. Сонымен қатар жас жеткіншектерге әкенің патриоттық тәрбиесі жетпейді. Тіптен кейбір әкелер: «Мен ештеңе білмеймін, анасымен сөйлесіңіз» деп, бастарын алып қашып жатады. Өзіміз білетіндей, бұрын әкелеріміз: «Балам, сабағыңды жақсы оқы. Мектеп бітіргесін басты борышың – Отаныңды қорға» деп тәрбиесін беретін. Сол кезде әрбір бала атасының Ұлы Отан соғысындағы, әкесінің әскердегі фотосуреттерін көріп, патриоттық филімдерді қарап қиялымен: «Мен өскесін космонавт, командир, солдат боламын» деп армандаушы еді. Ал қазіргі жастардың өз еркімен әскер қатарына барамын деген құлшыныстары өте төмен. Әрбір бала – біздің болашағымыз. Жалпы айтқан кезде бала үшін отбасында үлгі болатын ол – әке болмақ. Сол себептен қоршаған қоғамнан бөлек әр әке өз баласына елін сүюге, патриот болуға тәрбиелеуі қажет деп ойлаймын.

Осы бағытта біздің де тарапымыздан аудандық білім бөлімімен бірлесе, әскери-патриоттық бағыттағы сабақтар, еліміздегі әскери оқу орындарында білім алып жатқан курсанттармен кездесулер ұйымдастырамыз, мектептерді аралаймыз. Дегенмен, «Отан – отбасынан басталады» дегендей, баланың тәрбиесі ата-ананың қолында.

Тағы да бір айта кететін жайт, маусымдық әскерге шақырулар кезінде болашақ сарбаздарды алдын ала іріктейміз. Яғни жас ерекшеліктеріне, физикалық құрылысына, біліміне қарап, іріктеп аламыз. Содан кейін ғана медициналық тексерулерден өткіземіз. Сол кезде олардың көбісінің әскер қатарына баруға денсаулығы жарамай қалады. Негізінен қан-тамыр, жүрек, көз ауруларына шалдыққандар жиі кездеседі. Бұл да бір үлкен мәселе болып тұр. Дұрысын айтқанда Отанымызды қорғау үшін дені сау сарбаз қажет. Медициналық тексерістер кезінде болашақ Отан қорғаушыларды арнайы психологиялық тесттен өткізіп, олардың ақыл-есінің дұрыстығы мен психологиясын байқаймыз. Бұл да болашақ сарбаз үшін қажет-ақ. Аудандық, облыстық медициналық комиссияның қорытындысына сай бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық Ұланы қатарына жібереміз.

Біздің тағы бір жұмысымыз мектеп оқушыларын Қазақстандағы әскери оқу орындарына жіберу болып табылады. Сол үшін мектептерді аралап, оқушылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ, өкініштісі болашақта әскери мамандыққа құлшыныс танытып жатқан жас жеткіншектер жоқтың қасы. Биылғы жылдың өзінде ауданымыздан Жасұлан әскери мектебіне 3 бала ғана арнайы әскери оқу орнына түсті. Ал жоғары арнайы әскери оқу орнына түскендер жоқ. Бұл да қиын жағдай.

Міне, әскери маманның берген жауабы осындай. Расында, жоғарыдағыдай келтірілген деректерге көз салсақ, менің замандастарым бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмесе, болашақта Отанын қорғауға даяр әскер таппай қаларымыз анық.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале