18.11.2021, 10:50
Оқылды: 153

«Болашақтың» түлегімен өткен кездесу

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының «30 игі іс» ақциясы аясында ауқымды шаралар өткізуде.

12

«Ауыл» партиясы жастар қанатының мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қособа орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Жансұлтан Нұрмұханов өзі басқаратын білім ордасының ұстаздары мен оқушыларына мотивациялық дәріс оқыды. Шараға «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Мынатаубиік Анесов, партияның белді мүшесі, «Сырым ауданының Құрметті азаматы» Құсайын Бақтияров, партия мүшесі ардагер-ұстаз Серікбай Жүкеев, Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов қатысты.

16

Жансұлтан Нұрмұханов – ҚР Білім және Ғылым министрлігі  ұйымдастырған ең үздік  ғылыми жұмысқа  арналған республикалық байқаудың дипломанты, «Білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін», «Мәншүк Мәметова» медальдарының иегері, Дүниежүзілік Эсперантистер Ассоциациясының  мүшесі ретінде энциклопедияға енген, Қазақстан  мен Ұлыбританияда жарияланған 15  ғылыми  жұмыстың  авторы.

Жансұлтан  Қайыржанұлы шәкірттерінің ілім-білімге зейінін арттырып,  еліміздің болашағы үшін жауапкершілік арқалауға үндеді. Болашақтың түлегі дәрісін Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден!» деген сөзімен бастады.

Ж.Нұрмұханов 2018 жылы Ақтау қаласындағы Назарбаев мектебінде ұстаздық етіп жүрген кезінде Ұлыбританияның Уорик университетіне «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және менеджмент» бөліміне магистратураға оқуға түсті. Ұлыбританияда оқып жүргендегі қызықтары, «Болашақ» бағдарламасымен оқудың артықшылықтарын айтты. Уорик университетін оқу орнының студенттеріне жағдай жасауы, түлектерінің жұмысқа орналасып кету рейтингісі жоғары болуы себепті таңдағанын жеткізді. Өзімен бірге тағы екі қазақстандық, екі конголық, бір ұлыбритандық, екі гонконгтық, бір қытайлық жастар оқыған.

14

– Уорик университетінде әр студентке өз еліндегі білім беру жүйесін көрсету туралы тапсырма берілді. Бұл тапсырма бойынша Назарбаев мектебіндегі білім беру жүйесін көрсетіп, жобамды қорғап шықтым. Ондағы мақсатым – Қазақстанның даму деңгейін және елдің білім саласының мүмкіндіктерін жария ету еді. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов келіп, студенттердің қал-жағдайларын біліп тұрды. Уорик  университетінде Орталық Азия форумы өтті,- дейді Жансұлтан Нұрмұханов.

Шетелде оқыған кезіндегі қызықтарын да айтып өткен Жансұлтан Қайыржанұлы: «Жаңа жылды бір күнде үш рет – Нұр-Сұлтан қаласының, Орал қаласының және бізден төрт сағат артта Ұлыбританияның уақытымен қарсы алдық»,- деді.

Жансұлтан Қайыржанұлының айтуынша, «Болашақ» бағдарламасымен оқимын деген жастар үшін бүгінде көптеген жеңілдік жасалған.

13

Шара соңында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Мынатаубиік Анесов  қорытынды сөз сөйлеп, Жансұлтан Нұрмұхановқа «Ауыл» партиясы шығарған «Алтын тұғыр» кітабын сыйға тартты.

Қособа орта мектеп-балабақша кешенінің оқушылары концерт дайындап, қонақтардың мерейін өсірді.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале