21.02.2024, 17:00
Оқылды: 14

Бөрлі ауданы: 13 әкімнің біреуі әйел

Бөрлі ауданы аумағында аудан орталығы мен оған қарасты 13 ауылдық округ бар. Заңдылық бойынша әр ауылды басқаратын − әкімдер. Аудан әкімдігінің ресми сайтындағы ақпараттарға сүйене отыра ауыл әкімдеріне қатысты сандарды «сөйлетуді» жөн көрдік.

ЖП, әкімдік

Жалпы ауданға қарасты ауылдық округтер ішінде Ақбұлақ, Достық, Ақсу, Бумакөл, Бөрлі, Жарсуат, Кеңтүбек, Қанай, Қарағанды, Қарақұдық, Пугачев, Приурал мен Успен ауылдық округтері бар. Міне, осы ауылдық округтерді басқарып отырған әкімдердің статистикалық қызықты мәліметтерін «сөйлетпекпіз». Мәселен, ауылдық округ әкімдерінің ішінде ең үлкені Ақсу ауылдық округінің әкімі Ғарифолла Өтепбергенов болса, ең жасы Бөрліні басқарып отырған Әзілхан Зарифов. Ал ауыл әкімдері арасындағы жалғыз әйел − Бибігүл Сагидуллина. Ол алғаш рет 2017 жылы Қарағанды ауылдық округі әкімі болып тағайындалып, 2021 жылы бұл қызметке қайта тағайындалған.

Ауыл әкімі қызметінде ұзақ жылдық еңбек өтілі бар әкім – Ғарифолла Төлепұлы. Ол ең алғаш рет 2001 жылы Ақсу ауылын басқарса, 2008-2013 жылдары Ақбұлақ ауылында әкім болып, 2013 жылы Ақсу әкімі болып қайта тағайындалған. 2021 жылдың 28 шілдесінен бастап Ақсу ауылының әкімі қызметін қайта жалғастыруда. 2008-2010 жылдары Ақсуда әкім болып, қазір Кеңтүбек ауылының әкімі қызметін атқаратын Нұрлан Ғазиевтің де «әкім» қызметінде еңбек өтілі аз емес. Пугачев ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып жүрген Мереке Ізтелеуов болса алғаш рет «әкім» қызметіне 2010 жылы кірісіп, Жарсуат ауылында жұмыс істеген. Бұл тұста әкім қызметін атқаратындар арасында ең алғаш 2014 жылы «әкім» болып тағайындалған Асхар Утилиевті де айта кеткен жөн. Бір ерекшелігі ол 2014 жылдан бері тек Жарсуат ауылдық округі әкімі қызметін атқарып келеді.

Ал «әкім» болып жақында тағайындалғандар көшін Приурал ауылдық округінің әкімі Дастан Ақмамбетов бастап тұр. Ол бұл қызметке өткен жылдың 15 желтоқсанында ғана кірісті. Дегенмен оның 2013-2018 жылдары Қарағанды селолық округінің әкімі қызметін атқарғанын, жалпы мемқызметті 2002 жылы Киров селолық округі әкімі аппаратының бас маманы болып бастағанын ескеру керек. Одан соң тағайындалғандар қатарында 2022 жылы қызметке кіріскен Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Ерлан Өмірғалиев, Достық ауылдық округі әкімі Ганжа Тұрғаналиев, Жарсуат әкімі Асхар Утилиев бар. Ал Дотан Мұхитұлы Успен ауылының әкімі болып 4 жыл бұрын, 2019 жылдың 21 қарашасында тағайындалғанымен ерекше.

Еңбек өтілінде бір ауылды үшінші рет басқарып отырған әкім саны аз емес. Ол тізімде Ақсу, Успен, Жарсуат пен Қарақұдық ауылдарының әкімдері бар. Ал бір ауылды екінші рет басқарып отырған әкімдер Қарағанды, Қанай, Кеңтүбекте. Сонымен қатар Приурал, Пугачев, Бөрлі, Бумакөл, Достық пен Ақбұлақ ауылының әкімдері бұл ауылдарды бірінші рет басқарып отыр.

Ауылдық округте әкім қызметін атқарып отырғандар арасында түрлі мамандық иесі бар. Соның ішінде ауылшаруашылығы, ветеринария саласындағы мамандықтарды тәмамдағаны көп. Одан бөлек педагогтер де жоқ емес. Мысалы зоотехник мамандығын тәмамдағандар − Ғарифолла Өтепбергенов, Мереке Ізтелеуов пен Нұрлан Ғазиев. Камидулла Мұқановтың алғашқы мамандығы ветеринар болса, Елдос Бахиев «Агроэкология» мамандығын тәмамдаған. Сонымен қатар Асхар Харипуллович пен Дастан Тілекқалиұлы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім алған. Негізгі мамандығы мұғалім қатарында география мен биология пәнінің мұғалімі Ганжа Ғұсманұлы, «География» мамандығын тәмамдаған Нарынбек Өтегенұлы мен «Бастауыш мектепте шет тілі мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған Әзілхан Зарифов бар. Бибігүл Амангелдіқызының негізгі мамандығы «тауартанушы» болса, Есбол Демесінұлы «агроэколог» және Ерлан Болатұлы «құқықтанушы». Ауыл әкімдерінің бір дипломмен шектелмегенін де ескеру керек.

Аслан Жайқонысұлы,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале