Бөрлі аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, «Сұңқар Ақсай» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жыл үздігі – 2024» марапаттау кеші өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов және ауданның құрметті азаматтары, бөлім басшылары, түрлі сала мамандары мен үздік жастар қатысты. Жиында үздіктерден бұрын «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінің жеңімпаздары атанған ақсайлық Махаметовтар және Пугачев ауылынан Елтаевтар отбасы марапатталды.
Үздік жанұялар мен өз саласында үздік болған жандарға аудан әкімінің орныбасары Алтай Серғазыұлы жылы лебізін жеткізді. Облыстық кезеңде Махаметовтар отбасы аудан намысын қорғайтын болады.
Жылдың қорытындысы бойынша «Жастар қолдаушысы» аталымы Бөрлі аудандық маслихат депутаты Нұрбек Мурзабеков, «Жыл жаңалығы» аталымының зілтемір көтерумен ел рекордын жаңарытқан Ақсай қаласының №5 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Іңкәр Сатыбалды, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» аталымы Бөрлі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау жұмысы және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы Абай Сәми иеленді.
«Үздік жас ұстаз» аталымына Ақсай қаласының №8 ЖОББ мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгерім Лұқпанова, «Үздік студент» аталымына Бөрлі колледжінің «Банк және сақтандыру ісі» мамандығы бойынша 1 курс студенті Наргиз Ақбөкенова, «Үздік оқушы» аталымына Ақсай қаласының №4 ЖОББ мектебінің оқушысы Лейла Хуснутдинова лайық деп танылды.
«Үздік жас дәрігер» аталымының иегері аудандық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері Ұлпан Нармаханова, «Үздік жас кәсіпкер» аталымының иегері «KaspiDent.kz Aksay» тіс клиникасының директоры Досбол Камзин, «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымының иегері аудандық демалу орталығының ұйымдастырушысы Нұртілек Ибрашев атанды. «Үздік жас волонтер» аталымына «Ақсай Қамқор» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгерім Нариманова, «Үздік жас спортшы» аталымының иегері Ақсай қаласы №6 мектеп-лицейінің оқушысы Азария Хамидуллина, «Үздік жас полиция қызметкері» аталымының иегері аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Жандос Каримов, «Үздік жас кәсіпорын қызметкері» аталымының иегері «Казбургаз» акционерлік қоғамының HR маманы Диана Отарбаева лайық деп танылды.
Салтанатты шарада аудан әншілері үздіктердің құрметіне әуелете ән шырқады.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы