18.03.2020, 16:39
Оқылды: 124

Бөрлі ауданында жағдай толық бақылауда

    Шетелдік азаматтар көп келетін Бөрлі ауданында да сақтық шаралары күшейтілді. Қазіргі күні  ауданға келген шетелдік 29 азамат  үй карантинасында. Олар Үкімет бекіткен арнайы тізімде жоқ мемлекеттерден ұшып келгендер. Десек те профилактикалық шаралар үшін бұл азаматтар заң негізінде карантинге жатқызылды.

Borli 2

Ресми мәлімет бойынша Бөрлі ауданы аумағында коронавирус індеті тіркелген жоқ. Бас дәрігердің сөзінше, Бөрлі аудандық ауруханасында 10 кереуеттік инфекциялық ауруларды емдейтін бөлімше арнайы  жабдықталып қойылыпты.

- Жалпы бізде  дәрі-дәрмек, медициналық қызметкерлер мен медициналық қорғану құралдары жеткілікті. Сондай-ақ аудандық ауруханада барлық профилактикалық шаралар жоспарлы жүріп жатыр. Аудандық тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасымен бірге Бөрлі ауданы мен ҚР азаматтарын күнделікті бақылау, мониторинг жүргізу жұмыстары қатаң қадағалануда, - дейді  Бөрлі аудандық орталық ауруханасының директоры Шыңғыс Сарсенғалиев.

Өз кезегінде Бөрлі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы  Гүлдана Кереева карантинге алынған 29 шетел азаматының неліктен үй жағдайында бақылауда екендігіне түсінік берді.

- Бұл азаматтар ауырып жатыр деген сөз емес. Олардың дене қызуы күніне екі рет тексеріледі. Бұл азаматтар барлық міндеттемелерді қатаң сақтауда. Күн сайын тиісті ақпарат аудандық орталық аурухана басшысына жеткізіліп отыр,- дейді ол.

Аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев жақын күндері компанияларға шет елден жұмысшылар келмейтіндігін тілге тиек ете келіп: «Вахталық жұмыс мерізімі аяқталған шетелдік азаматтар да ауданда қалады. Балабақшалар штаттық режимде жұмыс жасап жатса, 3 колледж онлайн оқытуға көшті. Ал  Бөрлі колледжіндегі жатақханада жатқан студенттер үйлеріне жіберілді. Жеке би үйірмелері және фитнес клубтарымен мәселе болған еді. Олардың да басшыларымен сөйлестік, уақытша жабылады»,- деді.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале