5.03.2022, 18:28
Оқылды: 142

Бөрлілік көп балалы аналарға құрмет көрсетілді

Шырайлы мерекеге орай Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген көп балалы аналарға зор құрметін білдіріп, дастархан басына жинады. Емен-жарқын жүздесуде салиқалы әңгіме өрбіп, жүрек жарды тілектер айтылды. Әр саланың үздігі атанып жүрген қыз-келіншектер татулығы мен ынтымағы жарасқан бейбіт елге қызмет жасап жатқандарымен мақтанды.

F5409205-5423-4D3E-94A0-6D568CB67AD5

«Көп балалы ана – ұлт байлығы» деп аталған дәстүрлі шарада алтын құрсақты аналарға деген құрмет ерекше болды.

- Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Көп балалы отбасын көрсе, көпшілік «оның бәрін қалай асырайды» деп таңдай қағып, артынша «әр баланың өз несібесі бар» деп жатады. Десе де, балаларының өсіп-жетіліп, жоғарғы білім алып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ жалғастырғанын көру - барлық ауыртпашылықты ұмыттырып, кімді болса да шынайы бақытқа бөлейді деп ойлаймын, - деген аудан әкімі Миржан Мұнайдарұлы «Отан – от басынан басталады» деп айта келіп, адам баласына берілетін тәрбиенің негізі отбасында қалыптасып,  үлкен өмірге де осы шаңырақтан қанаттанатындығын тілге тиек етті. Отбасының берекесі болып, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсірудегі еңбектері үшін алтын құрсақты аналарға шынайы алғысын білдірді.
6EEAB565-6121-4E68-A489-4B3E705AE311
Айта кетейік, бүгінде ауданымызда «Батыр ана» атағын алған - 23,  «Ана даңқы» орденімен марапатталған - 37«Алтын алқалы» - 121 және « Күміс алқалы» - 181 ана бар. Аудан әкімінің шақыртуын алған ардақты жандар әрі қарай аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен тамаша мерекелік концертке жиналды. Әсем мерекеге орай ән тербеліп, күй төгіліп, мың бұрала би де биленді.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале