25.09.2021, 22:42
Оқылды: 81

Бөрлілік отбасылар марапатталды

Қала күні аясында "Мерейлі отбасы" республикалық ұлттық байқауында белсенділік танытып, өз үлесін қосқан жанұялар Бөрлі ауданының әкімі алғыс хатымен марапатталды.

82427F31-918D-480E-8AF9-E01720597020

Айта кетейік, аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде қатысушылар арасынан Өтеғалиевтер мен Авчинниковтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алған болатын.

Облыстық кезеңге ұсынылған Өтеғалиевтер жанұясы, яғни Ақбұлақ ауылында тұратын ерлі-зайыпты Ержан мен Ақтоты отбасында Гүлім, Айым есімді екі қыз тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя. Отбасының тірегі Ержан  аталған ауылда спорт  әдіскері, оған қоса ауыл мектебінде еңбек пәні мұғалімі болып қоса қызмет атқарады. Жары Ақтоты да мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі.

“Біз үшін отбасы әрдайым бірінші орында тұрады. Ата-анамыздың да берген тәрбиесі солай болатын. Үлгілі, өнегелі жанұяның құпиясы тек сыйластықта” деп білетін бұл отбасының кәсіби жетістіктерімен қоса отбасылық жеткен жетістіктері де аз емес. Бірқатарын тізіп өтсек: Республикалық «Әкелер форумында» әке беделін арттыруға қосқан үлесі үшін, ҚР Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы  Г.Н. Әбдіхалықованың алғыс хатымен («Отбасындағы әке беделін арттыруға қосқан үлесі үшін»), облыстық «Парасатты отбасы» байқауында «Шығармашыл отбасы» номинациясы бойынша облыс әкімі Ғ. Ескалиевтің алғыс хатымен марапатталған.

Қыздары Айым мен Гүлім де оқу озаты болумен қатар, зияткерлік сайыстардың, республикалық, облыстық және аудандық жарыстардың жүлдегерлері. Спорттық және туристік жарыстарға да белсенді қатысады.

D5063CB1-0454-40BA-A96C-0A9E70CFA304

Ал Пугачев ауылында тұратын Авчинниковтар жанұясы интернационалды отбасылардың бірі. Отбасы тіректері Александр мен Жанна бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Александр Валерьевич телехабар тарату саласында оператор қызметінде 8 жыл еңбек еткен, технология саласының білікті маманы. Жанна Тлеуғалиқызы Пугачев ауылдық кітапханасында қызмет етеді. Өз ісінің білгір маманы. Мәдениет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін бірнеше алғыс хаттармен, республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленген. Өнерден де, спорттан да құр алақан емес. Ұлдары Данил мен Никита оқу озаттары. Өте дарынды, талантты, білімді  оқушылар. Спорттық жарыстарға, өнер байқауларына белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Данил математика пәнін ерекше ықыласпен оқиды. Авчинниковтар отбасы: “Ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту ең басты парызымыз” - деп біледі. 

Жеңімпаздармен бірге байқауға белсенділік танытқан Мықтыбаевтар, Фаткулиндер, Каримгалиевтер, Бижановтар, Байкузиндер отбасылары да аталып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале