9.02.2021, 15:30
Оқылды: 592

Бөрлілік тоғыз жасар талант

Бөрлі ауданында әлем елдерінің кез-келгенінің астанасын жатқа айтатын Шерхан есімді бүлдіршін тұрады.

9-1

«Хабар-24» деген жазуы бар микрофонға сөйлегім келеді...»

 "Өзі небәрі тоғыз жаста. Бірақ әлем елдерінің қай-қайсының астанасын сұрай қалсаңыз, мүдірмей, дәл айтады» деген оқырманның бірінің сөзінен кейін Шерханмен кездесуге асықтық. Оның ата-анасының телефон номерін сұрастырып, хабарластық. Кейін Шерханды әкесі Құмарғали ағай редакцияға ертіп келді.

Топ-томпақ, сүйкімді сары бала есіктен кіре сала амандасты да, жан-жағына қайта-қайта қарап, әлденені іздегендей болды...

- Журналистер, тілшілер отыратын жерге барамыз деп едіңіз ғой, әке?

- Иә, сол жер осы ғой...

- Ендеше микрофон, камера неге жоқ?..

«Бұл – газетке жазуға дайындайтын жер. Кейін сені газеттен оқып, теледидарға да шақыратын болады» деп біз де түсіндіріп, қосыла кеттік.

- Ааа... солай ма?.. Мен бірақ, негізінен «Хабар-24» деген жазуы бар микрофонға сөйлегім келеді...

Бұл сөзіне еріксіз күлсек те, іштей арманы асқақ балақайға қарап сүйсіндік. Шерханның осы сөзінен-ақ оның өте қағілез бала екені аңғарылып тұрды.

Тоғыз жасар Кенжеғали Шерхан Ақсай қаласындағы №4 мектептің 3-сыныбында оқиды. Ол қатарластары секілді гаджеттен ойын ойнамайды. Интернетті тек қана әлем елдеріне қатысты ақпарат алу үшін қолданады. Суға жүзгенді ұнатады. Сондықтан да ол сабақтан соң жүзу бассейініне барады. Ерекше талантты баланың Қазақстан және дүниежүзі тарихына деген қызығушылығы өте зор. Өзге жеткіншектер секілді доп қуып, далада асық ойнағаннан гөрі, үйде отырып жаңалық тыңдап, әлем елдері туралы роликтер қарайды. Сыйлыққа ойыншық емес, әлем картасы мен глобус алғанды жақсы көреді. Қойған суалымызға іркілмей жауап берген балақайдың ойы ұшқыр, жады мықты. Әлем елдерінің астанасын ғана емес, сол елдерге қатысты қызықты мәліметтерді де жатқа біледі. Дүниежүзі картасынан кез келген елді лезде тауып береді.

«Әуелде біз бұған аса бір мән бере қойған жоқпыз»

 - Шерхан, Арлан есімді екі баламыз бар. Үлкені осы Шерхан. Екі-үш жыл бұрын глобус тәрізді доп алып берген болатынбыз. Бірінші рет доптың сыртындағы әлем картасын көргенде «Бұл не?» деп сұрады. Сосын біз түсіндіріп бердік. Әуелде біз бұған аса бір мән бере қойған жоқпыз. Одан кейін қызығушылығы арта түсті. Біз білмейтін сұрақтар қоя бастады. Сосын қазіргі балалар телефоннан түрлі мультфильмдер, ойындар қарайды ғой. Телефон сұраған сәттерінде қарасын деп мен де беремін. Кейін видео қараған жолақты қарап отырсам, ылғи әлем елдері, олардың карталары туралы ойындар, видео роликтер қаралғаны шығып жүрді. Сөйтіп осы жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға жазған хатын байқатпай оқып, жылдағыдай сыйлық алмақшы болдық. Онда да жаңа жылдық сыйлыққа сондай әлем картасы бар ойын түрлерін сұрапты. Кітап дүкендеріндегі дамытушы ойындар қатарынан сұрағанын тапқандай болдық» деп әкесі Шерханның сөмкесінен бір қорапшаны алып шықты. Онда әлем картасы және әр елдің тулары белгіленген шағын-шағын шаршылар.

«Әлемде 200-ден аса мемлекет бар болса, мұнда соның 197-сі берілген» деп Шерхан бізге түсіндіріп қоюды да ұмытпады.

Біз де сол сәтте Шерханнан кішігірім «емтихан» қабылдап, шаршы боп қиылып дайындалған кез-келген елдің туын көрсетіп сұрай бастадық.

- Мынау қай ел?

- Белиз. АстанасыБельмопан, Солтүстік Америкада орналасқан, тілі ағылшын, валютасы доллар.

- Бруней. Астанасы Бандар-Сери-Бегеван. Евразияда орналасқан, Малай тілінде сөйлейді. Мұның да валютасы доллар.

Осылайша мүдірмей айта берді. Елдердің мемлекеттік туын дөп атап, валютасы мен сол елдің қай тілде сөйлейтінін айтып берді.

«Мүмкін газеттен оқып, мені Қарағандыға шақырып қалар...»

9-2

Шерханның әлгінде кірісімен микрофон сұрауы бекер емес екен. Ол болашақта журналист болуды армандайды. Талабы таудай Шерхан болашақта мықты журналист болғысы келеді. Журналист болып, әлемді аралап, кереметін көріп және қазақ елі туралы хабарлар дайындап, шетелге таныту – Шерханның басты арманы. Ол әлемді тану және танылу үшін бірнеше тілді жетік меңгеру керектігін де жақсы түсінеді.

«Мен Түркия, Анталия жерлеріне отбасыммен барып көрдім. Ал өзіміздің елде тек осы батыс аймақтар Ақтөбе, Атырау қалаларына бардым. Бірақ біздің еліміз бәрінен көрікті ғой. Көптеген таулары, сулары, ормандары бар. Мен тек қана әлем елдерін қарап қана қоймаймын. Өзіміздің де әр аймағындағы ерекшеліктерді қарап, жаттап жүремін. Маған таулар өте қатты ұнайды.

Біздің елдегі ең бірінші көргім келетін жер ол Қарағанды. Себебі ол жерде «Сарыарқа» деп аталатын тау бар. Сол тауды көргім келеді» деген Шерхан: «Сіздерге бір өтініш айтсам бола ма?»,- деді.

- Айта ғой...

- Мені газетке жазғанда осы Қарағандыға барғым келетінім туралы жазасыздар ма? Мүмкін газеттен оқып, мені өздері шақырып қалар?..

Арманы асқақ, ойын іркілмей жеткізіп, өзін үлкендермен тең ұстап, өтініш жасаған Шерханның  арманын орындауға біз де сөз бердік. Алдағы уақытта теледидардан көрініп, тіпті Қарағандыға да жол түсер, кім біледі?!..

9-3

P/S: Жалпы отбасында баланың пайда болуы ғажап дүние десек, ал «ғажап» баланың пайда болуын неміс тілінде «вундеркинд» бала деуші ме еді?! Иә, бәрін  біліп туған бала­ларды «вундеркинд» дей­ді. Осылай аталатын «алтын балалар» кез келген елдің бағы, қоғамның байлығы, ата-ананың мақтанышы екені даусы­з. Ондай ба­лалардың жасына қарамастан ересектердің тірлігін жасап, ғылым мен өнерді дамытып, ерекше қабілеттерімен адамзаттың дамуына қо­сар үлестері де зор.

Әрине еліміз вундеркиндтер тасқынының астында қалып отырған жоқ. Дегенмен өз қатарынан бір бас озық туғандар туралы жазуымыздың бір себебі, олардың тасада қалып кетпеуіне кішкентай да болса сеп бола ма деу біздікі.

      Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале