9.11.2020, 12:10
Оқылды: 117

Бос жайылған мал «қамауға» алынды

Бұдан бұрын да Теректі аудандық басылымы бетінен «Еркін жүрген малдың иесі басқа» деген мақалды еске салып, бағусыз жүрген мал иесіне айыппұл салынатынын жазған болатынбыз.

CB827746-6BAE-4046-9021-9BB71CF21E10

Осы жолы Шаған ауылдық округі аумағында болып, «Тұлпар LTD» ЖШС айыппұл ауласына қамалған ірі қараны көзімізбен көрдік.

Шаруашылықтың басқарушысы Вячеслав Савченконың айтуынша, аулаға қамалған бірыңғай ақбас ірі қара жері көршілес жатқан Ғатауолла Ашығалиевтің малы. Қайта-қайта егістікті жайпай берген соң, осындай шара қолдануға мәжбүр болған.

-Жекенің де, шаруашылықтың да малы да осылай, бақташысыз бос жайылуы тыйылмай тұр. Жол бойында жатқан ауылдарда мал автокөлікке соқтығысып, апаттық жағдайларға ұшыратады. Алқапқа түсіп, егістік тапап зиян келтіреді. Сондықтан осындай қараусыз жайылған малды айыптұрақтарына қамайтын болдық. Қазір аудан бойынша Аңқаты, Долин, Шаған, Подстепный, Покатилов, Федоров округтері аумағында осындай «қамақтар» бар. Малды артынан иесі іздеп келгенше шөп-суын салып, аулада ұстайды. Иесі табылған соң оған әкімшілік шара қолданылады,-дейді Теректі ауданының ауылишаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Бердіғалиев.

Иә, малды қараусыз жіберуден арыла алмай келеміз. Бұған дейін бос жайылған қой-ешкі, ірі қараның иесіне шара қолдануды жергілікті полиция қызметі арқылы, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес жүргізілетін. Енді, Батыс Қазақстан облысы мәслихатының 1 қыркүйекте қабылдаған №37-3 «Батыс Қазақстан облысының аумағында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарында айқындалатын санитарлық және су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларында; көшелерде, алаңдарда, темір жолдар мен автомобиль жолдарында, сондай-ақ басқа да қоғамдық жерлерде мал жаюға тыйым салынды.

Төрт түліктің еркін жүрісінен жол қозғалысы қауіпсіздігі бұзылса, оның ішінде адам өлімі мен материалдық шығын орын алып жатқан жағдайда, оған тікелей малдың иелері мен жергілікті әкімдер, шаруашылық басшылары ҚР Заңнамаларына сәйкес жауапты болатынын ескеріңіздер. Айыппұл төлеп, қалтаңызға салмақ түспеуі үшін малыңызға ие болыңыз.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале