24.11.2021, 17:40
Оқылды: 109

«Бұл — біздің бірлігімізді көрсететін қадам»

23 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, өңір басшылары, «Jas Otan» жастар қанатының көшбасшылары қатысты.

FB_IMG_1637753871635

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде партия іс-қимылын саралап, елімізде және әлемде қалыптасқан ахуалға байланысты алда тұрған мақсаттар мен оларды іске асыру жөніндегі міндеттерді айқындап берді.

Егемендіктің 30 жылы ішінде еліміз айтарлықтай экономикалық, саяси және демократиялық жетістіктерге қол жеткізіп, ең бастысы бейбітшілік пен ұлттар арасындағы келісім нығая түсті. Ел игілігі үшін мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға «Nur Otan» партиясы үнемі атсалысып, олардың тиісті деңгейде атқарылуына өз септігін тигізіп келеді.

Осы орайда «Nur Otan» партиясының саясаты тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделгендігін және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетіндігін баса айта отырып, Н.Ә.Назарбаев 2050 жылға Қазақстанның әлемдегі жетекші 30 елдің қатарына ену жөніндегі стратегиялық мақсаттарға жету бағытында партия алдына 5 негізгі прициптерге негізделген іс-әрекеттерді іске асыру қажеттілігіне тоқталды.

Елбасы партияның саяси кеңесінің отырысында жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Елбасы өз сөзінде:

- «Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар» - деп, аталған ұғымдарға жеке-жеке тоқталды.

Сонымен қатар Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Н.Ә.Назарбаевтың батыл қадам қабылдап, партия жетекшілігін ел Президенті Қ.К.Тоқаевқа беру туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Жалпы, Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айқындалған мақсаттар мен міндеттер «Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы іс-қимылының басты бағдары болады және белгіленген міндеттерді орындау бойынша теректілік "нұротандықтар" бар күш-жігерлерін жұмсайды.

Мирхат Ибраев,

«Nur Otan» партиясы

Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале