9.08.2022, 20:26
Оқылды: 35

Бұландықтардың электромонтердің жұмысына көңілі толмайды

Сырым ауданындағы әкімдердің халықпен кездесулері жалғасуда. Бүгін Төлеген Төреғалиев Бұлан ауылдық округінде болып, ел жұртпен бірге ауыл әкімі Мұрат Әділгереевтің тоқсандық жұмысының есебін тыңдады.

Бұлан (2)

Әдетте, әкімдер баяндамасында негізгі көрсеткіштерді тізіп шығады. Қарқынды даму байқалған тұстарға ерекше екпін түсіріп отырады. Жергілікті маңызы бар мәселелерді де ресми стильде атап өтеді. Ал Бұлан ауылдық округінің әкімі ауылдың түйткілдерін ауызекі тілмен түсіндірді.
Біріншіден, бұландықтардың электромонтерлардың жұмысына көңілі толмайды. Сырым аудандық электр торабы мекемесінің Бұландағы мамандарының жұмыс жасағанынан, бұлдануы көп екен. Оны халық былай тұрсын, әкімнің өзі де айтып отыр. Мәселен, осыдан 2 ай бұрын округте күн райының кесірінен электр тогының тұйықталуы орын алып, ауылда 2 теледидар мен 1 тоңазытқыш істен шыққан.
Тұйықталу бірден болмады. "Жарық жанып – сөніп, белгі беріп тұрды. Сол кезде электромонтерлар неге дереу қимылдамайды? Тоқтың кернеуі көбейіп кеткендігі себепті тұрмыстық техникалар зақымданды. Шығынды кім өтейді?", - деп ашынуда бұландықтар.
Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сырым аудандық электр торабының басшысы Мақат Шамарға қызметкерлеріне қатысты сынмен жұмыс жасауды, жағдайды реттеуді тапсырды.
Екінші мәселе – Бұлан ауылдық округінде тұрақты учаскелік полиция қызметкері жоқ. Тәртіп сақшысының қызметін Сырым аудандық полиция бөлімінің орталық кеңсесінде қызмет жасайтын полицей қосымша атқарады.
- Учаскелік полиция инспекторы ауылда тұруы керек. Сол кезде тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Шідерті өзенінің жағасы жаз болса демалушылардан босамайды. Бөгде адамдар, бөтен көліктер ауылға көп келеді. Өзен жағалауындағы демалыстың да өз тәртібі бар. Тәртіп пен тазалық сақталуы керек. Оны қоритын, талап ететін полиция инспекторы жоқ бізде, – деп ашығын айтты округ әкімі Мұрат Әділгереев.

Жиналыста ауылдың күнделікті өмірінде кездесетін маңызды мәселелер талқыланды.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале