15.02.2022, 17:30
Оқылды: 48

Бұлдыртыда спорт кешені салынады 

Сырым ауданы Бұлдырты ауылында өткен есептік кездесуде ауылдық округ әкімі Салауат Нұрпейісов ауылдың әлеуметтік дамуы туралы баяндама жасады. Ауыл әкімінің айтуынша, атқаруға сұранып тұрған жұмыстардың бірі – сарқыраманың көзін тазалау.

IMG-20220215-WA0048

Ауыл әкіміне Бұлдырты ауылының имамы Сәрсенбай Төлеғұлов ауылға мал бақташысы керектігін айтып, оған Салауат Жолайұлы көктемгі сход  жиынында бұл мәселе шешілетінін, мал бағуға ниетті азаматтар болса, келіп, жолығуларына болатынын айтып жауап берді.

IMG-20220215-WA0045

Одан кейін сөз алып, ауданның бүгінгі денсаулық сақтау саласындағы ахуалын баяндаған Роза Тахамбетоваға ауыл тұрғыны Чапай Есенғалиев ауданға дәрігерлер керектігі, ауылға дәріхана қажеттігі туралы айтты. Роза Құттықожақызының айтуынша, Тоғанас ауылында бір тұрғын қалаға қарағанда ауылда дәріхананың жұмысы жақсы жүретіндіктен, Алғабастан да бір филиалын ашты. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Бұлдырты халқы көбірек болғандықтан, мұнда дәріхана ашу тиімді екенін, әрі жұмыс орны ашылатынын айтты.

IMG-20220215-WA0049

Жұмыспен қамту орталығының маманы Сәбит Өмірзақов кәсіпкерлікке оқыту, несие алу, 583 мың теңге болып келген қайтарымсыз гранттың биылдан бастап 1 млн 200 теңге болғанын айтты. 29 жасқа дейінгі азаматтар жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы мекемелерге мамандығы бойынша жұмысқа бір жылға жіберіледі және жалақысы 91890 мың теңге боп өскен. Ауыл тұрғыны, бұрын қайтарымсыз грант алған Самиғолла Сағидуллин әйелінің кәсіпкерлік негіздеріне оқып, қайтарымсыз грант алуына бола ма деген сауал қойды.  Оған кезекте басқа да кәсіпкерлікке оқығысы келетін жандар бар екені айтылып, жауап берілді.

Тағы бір көтерілген мәселе – қайтарымсыз грант ұтып алып, оған 15 қой алып, малды көбейтудің орнына алты айда қойларын сатып, сойып тауысып, кейін екі жыл бойы ресми жұмыссыздар есебіне тіркеле алмай жүрген отбасылардың жағдайы.

Ауылдың электр жағдайы да мәз емес деген тұрғындар  электриктің жарық сөнген жерге барайын десе, не көлігі, не жанармайы да жоқтығын айтты.

Қорытынды сөз алған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев округке қатысты атқарылатын істерге тоқталды.

IMG-20220215-WA0046

–   Көгерістің медпунктін күрделі жөндеу жобасы облысқа өтті. Биыл Бұлдырты ауылына спорт кешені салынады. Ауылдың дәрігерлік амбулаториялық пунктінің ғимаратын  салу үшін жобалық-сметалық құжаты жасалады, 2023-2024 жылдары салуға облыс әкімі қолдау білдіріп отыр.  Бұлдырты өзенінің көзін ашуға техникадан гөрі қол күші көбірек керек. Ауылда жарық сөнген жағдайда су айдау үшін бір электрогенератор қажет, мұны «Сырым» МКК-мен бірлесіп шешу қажет. Бұлдырты ауылының ішіне жол салуға жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Көгеріске 2023-2024 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен су барады. Бұралқы иттер адамның өміріне қауіп төндіретін болса, атуға болады. Итті асыраған адам оны жауапкершілікпен ұстауы тиіс. Чип тағып, базаға тіркетуі  керек. Көшеге беталды жібере салуы дұрыс емес. Шаруа қожалықтары аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына декларация тапсырғанда,жұмысшыларының жалақысын   ең төменгі жалақы – 42500 деп көрсетеді. Заң бойынша ең төменгі жалақыға табыс салығы салынбайды. Ал, шөп шабу науқаны кезінде жұмысшыларға 200 мыңнан кем төленбейтіні белгілі. Сөйтіп, кәсіпкерлер табыс салығын жасырып, төлемейді, ал ауданның бюджеті қанша қаржыдан қағылуда. Ауданда жасалатын жұмыс көп. Бюджеттің қаржысына зиян келуде. Осы ауылдың кәсіпкерлерінен 10 млн теңгеге жуық салық түсуі керек болса, бұл қаржыға ауылда біршама мәселені шешуге болар еді,- деді Төлеген Серікқалиұлы.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале