15.03.2024, 0:16
Оқылды: 92

Бұлдыртыда ұлттық ойындардан біріншілік өтті

Бұлдырты ауылында Амал мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен ауыл біріншілігі өтті. Жастарды дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқаралық спортты жандандыру мақсатында өткен шара барысында тай жарысы мен жаппай көкпар ұйымдастырылды. 

IMG_2620

Облысымыз бойынша "шашасына шаң жұқтырмай" жүрген Өлеңті ауылының жастары ғана жаппай көкпармен айналысып келсе, бүгін сондай тартысты доданы бұлдыртылықтар өз ауылдарында алғаш рет өткізді. Ауылдың епті де жанкешті, тақымдары тастай 17 палуаны қатысып, доданың думанын қыздырды.

IMG_2622

Өзгелерден оқ бойы озып шығып, салымды болған Бексұлтан Амантай мен Сәкен Ғарифуллин "Үздік ойыншы" аталымына ие болса, "Өгіз өлді" салымы Мейірбек Қанатовқа бұйырды.

Тай жарысы бойынша 9 жүйрік сынға түсіп, келген көрерменнің делебесін қоздырды. Бәйгенің нәтижесінде І орынды Алмаз Үсенов, ІІ орынды Бексұлтан Серік, ІІІ және IV орындарды Ерназ Үсенов пен Мерей Ғарифуллин тақымдаған тайлар иеленді.

IMG_2623

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге "Қайсар" спорт клубының дипломдары мен ақшалай сыйлықтары табыс етілді.

Айжан Бауыржанқызы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале