28.01.2020, 10:58
Оқылды: 172

Бұлдыртылық кәсіпкер ауылдасының үйіне көгілдір отын қосуға көмектесті

Елбасы Н.Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын қуана қолдаған Сырым ауданындағы округтің бірі – Бұлдырты. Жылдағы әдетінен жаңылмай, бұлдыртылықтар былтыр да туған мектептеріне музыкалық аппаратура, баспа құралдарын алып беріп, еркін күрес үйірмесіне спорттық киімдер және би үйірмесіне қатысатын жас бишілердің бөлмесіне жиһаз алып берді. Бұлдыртылық кәсіпкер Берік Сүлейменов ауылдың 1 тұрғынына үйіне көгілдір отынға қосу үшін 360 мың теңгенің сертификатын берді. Берік Сүлейменов осымен ауылындағы 4-інші баспананың газға қосылуына жәрдем жасап отыр.

dav

dav

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев өзінің есептік баяндамасында округ жылды барлық сала бойынша табысты аяқтағанын, дегенмен жетілдіретін, толықтыратын тұстардың да бар екенін айтты. Ауылда 2017 жылы ашылған қол күресі үйірмесінен осы уақытқа дейін 13 спорт шеберлігіне үміткер шықты. Үйірме зілтемір, арқан, 3\1 керме секілді жаңа спорт жабдықтарына зәру. Бұлдырты мектебіндегі қолөнер үйірмесіне де ағаш өңдейтін лазерлі аппарат қажет. Округ әкімінің мәдениет және білім беру саласының басшыларына қарата айтқан ұсынысы жерде қалмайды деген үміт бар.

Ауыл тұрғындары шаруашылықтардың мал азығын уақтылы жеткізбейтінін, ауылға кіреберіс 12 шақырымдық асфальттің жанындағы шөптердің шабылмай, жолдың күтімсіз тұрғанын айтты.

Кездесуде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, шаруалардан сапалы шөп жұғымды азық екенін ескеріп, мал азығын дайындауға уақтылы кірісуді сұрады. Сондай-ақ, тұрғындарға бағымдағы малдарына жарық шағылыстырғыш қарғыбау тағу туралы ескертті. Өйткені, былтыр ауданда 16 жол көлік оқиғасы көліктің малдарға түйісуінен болған.

Төлеген Төреғалиев округтегі жаңадан ашылған «Кердері» дүкенінде болды.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале