8.03.2024, 21:31
Оқылды: 9

Бұрынғы кештен өзгерек...

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Аудан әкімі Тимур Шиниязов барша ананы, қыз-келіншектерді құттықтап, өз лебізін білдірді. 

FB_IMG_1709905013908

Содан соң көпбалалы Әйгерім Айтқалиеваға ҚР Президентінің 2024 жылдың 19 ақпандағы №484 Жарлығына сәйкес «Күміс алқа» алқасын табыстады.

FB_IMG_1709905031927

Құрмет грамотасымен аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Салтанат Аманғалиеваны, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатымен БҚО тарихи-өлкетану музейі аудандық филиалының меңгерушісі Меңдігүл Фазылованы марапаттап, өзге де нәзік жандыларға өз атынан алғыс айтты. Олардың қатарында аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Зина Құбаева, аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің меңгерушісі Светлана Насенова, аудандық статистика басқармасының бас маманы Нұрсұлу Атаева, «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпарациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Жәнібек ауданы бойынша бөлім басшысы Райгүл Шагирова, аудан әкімдігінің «Жолаушы» МКК директорының міндетін атқарушы Салтанат Темірғалиева, аудандық ветеринариялық стансаның есепшісі Үміт Ысқақова, мансап орталығының бас маманы Зухра Давлетчина, Тау ауылы бойынша әлеуметтік қызметкер Гүлназ Ғайнуллина, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Эльмира Қайырғалиева, Тау ауылы әкімі аппаратының бас маманы Ғалия Тұяқова және аудан прокуратурасының іс жүргізу маманы Мира Сәрсенбаева болды. Сондай-ақ «AMAMAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің мерекелік алғысхатын партияның аудандық филиалы төрағасы Біржан Қуанәлиев аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова мен аудандық аурухананың медбикесі, көпбалалы ана, жеке кәсіпкер Майгүл Наурызәлиеваға табыстады.

FB_IMG_1709905065299

Гүл шоғы арулармен жарасым тапқан марапаттау рәсімі концертке ұласты. Жарық өшіп сөнгенде «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің бүлдіршіндері биден шашу шашып, сахна шымылдығын ашты. Кейін Амангелді Нәсіпов «Анаға хат» монологын оқып, көптің көңілін тебірентті.

FB_IMG_1709905051763

Анасына хабарласқан баланың сағынышын көрермендер де сезініп, көзге жас алды. Содан соң трио «Ана туралы жыр» әнін шырқап, кеш қонақтарына, аяулы аналарға гүл шоқтарын берді. Шынар Каюпова әсем әнді көрермендермен бірге шырқады. «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблі мен «Арай» вокалды-аспапты ансамблі «Sway», «Цыган»-ды орындағанда нағыз мерекелік күйді сезіп, қол соғудан шаршамадық. Ансамбльдің сүймелдеуімен Қуаныш Аждуов «Маржан қыз», Райымбек Кәрімов «Ләйлім шырақ» әнін әуелетіп, әндерді жүрекке жеткізе білді. Нағыз дарын, аудандық саз мектебінің мұғалімі Аслан Боранбаев та сахна төрін жандырып, «Анажан» әнін жоғары деңгейде орындап шықты. Шәкірті Айлин Биболат да тәп-тәтті үнімен ән шырқап, көрермендерді бір билетіп алды.

FB_IMG_1709905046947

«Ақмаржан» халықтық би ансамблінің үлкен топтағы бишілері «Ене тәрбиесі» атты композиция ұсынды. Бір ғана туындының ішінде ене мен келіннің сыйластығын толық қамти білген. Қуаныш Аждуов «Мөлдірім-ай» әнін орындағанда нәзік махаббат сезімін тұла бойдан өткіздік. Тамара Кафарова жәнібектік гүлдей құлпырған аруларға арнап «Гүлсің-ау» әнін айтты. Аудандағы тойды қыздырып жүрген талантты жігіттерден құралған квинтет те ыстық ықыласқа ие болды. Достықтары жарасқан Жеңісбек Жүсіпов пен Уәлихан Досалиев кештің нүктесін әдемі нотада қоя білді.

FB_IMG_1709905059097

Концертте өнер көрсеткен орындаушылар жанды дауыста шырқағанын айтпай кетуге болмайды. Сол үшін бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек болды.

Ақтілек Әлібек,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале