23.03.2023, 20:35
Оқылды: 130

«Chanel №5» - бостандықтың иісі

Жымпиты халық театры жаңа қойылымын көрермен назарына ұсынды. Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының тағдырын суреттейтін тарихи драма «CHANEL №5» деп аталады. Авторы – Мәдина Омарова. Қоюшы режиссер – Сәндібек Өтеғалиев.

IMG-20230323-WA0114

Оқиға ел арасында АЛЖИР атанған Ақмоладағы Отанын сатқандардың әйелдерінің лагерінде өрбиді. Азаматтары қазақ дербес мемлекеттілігін, Алаш баласының басқамен бірдей болғанын қалағаны үшін ғана қуғын көріп, «Халық жауы» атанып, о дүниеге оқ құшақтап кеткенімен қоймай, оларға жар болған жандар да большевиктердің қорлығын көрді. АЛЖИР – тозақтың жердегі көшірмесі, қызыл үкіметтің қасапханасы.

IMG-20230323-WA0091

Аспалы шам. Жарықтың астында екі адам. Бірі – тергеуші, қозғалған сайын былғары плащы бырт-бырт етеді. Екіншісі - селдіреген шәлі оранған, тоз-тоз болған күпейке киген әйел. Көрермен «Бұл әйел кім болды?» - деп ойланып үлгермей-ақ, тергеуші қолындағы құжатын оқи жөнеледі:

-Күнжамал Майлина. Қазақтың белгілі жазушысы Бейімбет Майлинның жұбайы. 1900 жылы Қарабалық қаласында туған. 1938 жылдың шілдесінде КСРО НКВД Арнайы кеңесінің шешімімен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 1938 жылдың қазан айында Алматы түрмесінен Ақмола лагеріне әкелінді. Дұрыс па?

-Дұрыс! – дейді әлсіз үн. Сол әлсіз үн:

-Тоңдым. Аяғым жансызданып барады, – дей бергенде:

-Прекратить! – деп тебінеді тергеуші.

IMG-20230323-WA0090

Қабырғасына қиянат сурет салған, есігін ашсаң, ажал иісі аңқитын барак. Барактың ішінде ажарынан әр тайған әйелдер. Бірінің қолында сәбиі бар. Ыңылдап жұбатып қояды. Бесік жырымен емес, жоқтаумен әлдилеп отырғандай. Атаманка Донька отыр екі иығынан дем алып. Үкімет адамдарының камерадағы «көзі мен құлағы» - «салпанқұлақ Александраға» қышырлата тісін қайрайды.

Бұл баракта отырғандардың бірі – қазақ интелегенциясының, ал кейбірі орыс дворяндарының жарлары, яғни – бекзадалар. Ал, АЛЖИР-дің саяси тұтқындардың бетіне қарап, тегін түгендеп, ажыратып жататын мұршасы жоқ. Сондықтан тергеушінің жұмыс үстелінде қудаланған ханымдардың алдағы тағдыры үшін бір ғана сценарий жазылып жатыр. Оның аты – өлім!

IMG-20230323-WA0112

Шиқылдап барактың есігі ашылды. Темір есік екі себеппен ашылады. Я – тамұққа жаңа тұрғын келеді, я болмаса осы жердегілердің бірі шығады. Шығады да, басқа мекенге аттанады. Траншея барак сияқты тар, суық. Бірақ, ол жерде ешкім қан-жоса қылып ұрмайды, бетіне мұздай су шашпайды, зорламайды, тоққа соқпайды. Өлген адам ештеңені сезбейді себебі.

Аядай ғана қара бөлмеге қоңыр палтосының жағасын жаба шарф асынып, қалпағын қисайтып киген бойжеткен кіріп келді. Құдды, Париж көшесінде серуендеп келе жатып, кіре салғандай. Болжам расқа шықты. Жаңа тұтқын – француз қызы екен. Үстінен әтірдің иісі аңқиды:

-«CHANEL №5? – дейді құшырлана иіскеп.

-Иә, CHANEL №5, – дейді қапырық жерде отырған әйелдің әлемдік иіссу маркасын ажыратқанына таңданған француз бойжеткен.

IMG-20230323-WA0089

Бірақ, бұлар баракка келгенге дейін саяси элитадағы, әдебиет пен өнердегі көрнекті тұлғалармен бірге өмір сүрді ғой. CHANEL №5 – олар үшін ескі күндердің естелігі, бостандықтың иісі. Азаттықтың ароматын сезінген Темірбек Жүргеновтың әйелі – Дамеш, халық комиссары Вейцердің жұбайы, режиссер – Наталья Сац, Жұмат Шаниннің жары – Жанбике Шанина, актриса Кира Андронникова секілді жандар тұтқын екендерін ұмытып, барак ішінде би билейді, ән салады. Сол күні АЛЖИР-дің торлы терезелерінен рухтың сәулесі шашырап жатты.

Міне, қойылым осы бағытта өрбиді. Ең ауыры – аяулы арыс Бейімбеттің зайыбы Күнжамалды ұрып-соқтырып, жасамаған қылмысын мойынына алғызған қаныпезер тергеуші Бейімбет пен Күнжамал күнінде аштықтан аман алып қалып, балалар үйіне тапсырған сәби болып шығады. Ақыры, тергеушінің де тас жүрегі жібіп, Күнжамалды атуға алып қалады.

IMG-20230323-WA0111

 

WhatsApp Image 2023-03-23 at 18.34.42

Тарихи драманы сахналауда режиссер Сәндібек Өтеғалиев таңдалған актерлерге де, суретшілерге де зор талап қойғаны байқалады. Соның арқасында Қайрат Илашев – түрме басшысы, Алмагүл Жұма – Майлинның жұбайын, Ақылбек Бекболатов – тергеуші рөлін сәтті ойнап шықты. Ал атаманша Доньканы Ақерке Ажғалиева шебер сомдады.

IMG-20230323-WA0113

Сүйгенін іздеп келіп, торға түскен аққу – ақ жүзді француз актрисасының бейнесін Ақтөбе қаласындағы музыкалық колледждің студенті Диана Азаматқызы қанық қылып көрсете алды.

IMG-20230323-WA0092

-Драманың негізгі айтар ойы – махаббат бәрін жеңеді. Отанға деген махаббат пен жарға деген сүйіспеншілік арыстардың жарларына АЛЖИР–дің азабына да төзуге көмектесті, - дейді режиссер.

Жымпиты халық театрының репертуарына жаңа әрі көлемді дүние қосылғаны құтты болғай!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале