28.09.2021, 11:21
Оқылды: 59

Дәнекерлеу – табыс көзі

Еңбек адамды шыңдайды. Нәпақасын моншақтаған терімен суарған жандар еңбектің, еңбекпен тапқан несібенің қадірін біледі. Қазір жастар арнайы оқу орнын бітіре салып, «жұмсақ креслоға» жайғасқысы келеді. Әрине, жақсы үрдіс. Дегенмен, бәрі басшы болса, жұмысшы болар адам таппай қалмаймыз ба?

 11

Мамандық таңдау әр балалы отбасында талқыға түсетін басты сұрақ. Бүгінгі таңда жастар  ІТ инженер, нанотехнолог сияқты сандық технологияларға байланысты мамандықтарды игеруге  әуес. Әрине, заман талабына, сұранысына қарай оқыған дұрыс. Осы жерде баланың мамандық таңдауына ықпал ететін ата-ана екенін де ұмытпайық. Ата-ана баланың таңдауымен санаспай кезінде өзі оқи алмаған мамандыққа түсіргісі келеді. Балада билік те, ниет те жоқ. Айналғанда, өз мамандығына ниеті жоқ, қалай-солай диплом алған жастар бар. Қолынан ештеңе келмей, екі қолға бір күрек таба алмай жатады.

Ал еңбек нарығындағы сұраныстарды бағамдасақ, механизатор, тас қалаушы, дәнекерлеуші, сылақшы сияқты жұмысшыларға қажеттілік бар.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз сол қазіргі уақытта сұранысқа ие кәсіп иесі.

Мектеп бітіре салысымен әскерге аттанған Арнұр Сұпиянов қазір дәнекерлеуші мамандығын игеріп алып, нәпақасын тауып жүрген жандардың бірі.

- Мен Шалқар ауылдық округінде, Рыбцех ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Өзімнен кейін төрт бауырым бар. Қазір Аңқаты ауылында тұрамыз.

Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, еңбек етуге, ата-анама көмектесуге ұмтылдым. Мамандығы жоқ адамға жұмыс табу оңай емес. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама арқылы оқуға бардым.

«Жұмыспен қамту орталығы» жолдамасымен жоғары аграрлық техникалық колледжінде оқыдым. 38 мың шәкіртақы алдым. 1 айлық курстан өтіп, дәнекерлеуші мамандығын алып шықтым. Орал, Атырау, Ақсай қалаларына барып, ауысыммен жұмыс жасадым. Қазір ауылдан жұмыс табылды. «Бақыт» шаруа қожалығында дәнекерлеушімін. Жұмысымда тәжірибе жинақтап алдым. Қолым бос болса, ауылдастарымның тапсырысына барамын. Сөйтіп, қосымша табыс кірігізіп отырмын. Отбасымды керек-жарақ қамтамасыз етуге жағдайым жетеді.

Ауыл кәдесіне жарайтын кәсіпті игеріп алғаным қуантады. Қолымнан іс келіп тұрғанда аянып қалмаймын. Бастысы, денсаулық бар кезде, еңбектеніп қалсам кейін ештеңеден таршылық көрмей өмір сүре аламын. Жұмыстың жеңілі жоқ, әр кәсіптің өз қиындығы мен қызығы бар. Тек соны сүйіп, адал жасау керек, - дейді Арнұр Кенжебекұлы.

 

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале