22.11.2021, 9:30
Оқылды: 62

Даниял чемпион Янайкинде

Бәйтерек ауданы Янайкин ауылында орналасқан Талғат Бигелдинов атындағы мектебінің ұстаздары қолға алған «Сәтті кездесу» жобасы жалғасуда.

1

Оқушыларды аудан мен облыс атын шығарып жүрген жандармен таныстырып, елге танымал адамдардың жаңа қырымен таныстыру мақсатында оздырылған жобаның кезекті қонағы ретінде Янайкинге бокстан ҚР чемпионы, ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбит пен жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиев келді.

3

Кеш барысында қонақтарға оқушылар сұрақтарын қойып, жақын танысты.

20 жыл жаттықтырушы болып қызмет атқарып келе жатқан Саттар бапкер Даниял боксқа 16 жасында келгенін, бес ай уақыттан кейін жастар арасында ел чемпионы, кейін ересектер арасында ел чемпионы атанып, қазақ елін аузына қаратқанын айтты. Сондай-ақ осы жылы мамыр айында Дубайда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болғаны да сөз болды.

-Бар-жоғы 3 жыл уақыттың ішінде осынша зор табысқа жету шәкіртімнің физикалық тұрғыда мықтылығын көрсетеді. Оның ауылда түрлі жұмыстарды атқарып және ат үстінде өскендігі шаршы алаңда пайдасын тигізді,-деді Даниялдың бапкері Саттар Сұлтанғалиев.

Өз кезегінде Даниял Сәбит желтоқсан айының 14 мен 24 аралығында Оралда өтетін ел біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат еткенін жеткізді. Сонымен қатар 2024 жылы Парижде өтетін олимпиада ойындарына жолдама ұтып алып, көк байрағымызды желбіретуді армандайтынын, сол арманын жүзеге асыру үшін барын салатынын айтты.

Кездесуден соң мектеп қонақтары былғары қолғаптарын киіп, оқушыларға шағын шеберлік сағатын өткізіп, бүйірден, қапталдан және төте соққыларды қалай жұмсау керектігін көрсетті.

4

Тек теледидарда көріп жүрген қимыл-қозғалыстар мен дүрсілдеген дауыстарды шынайы өмірде өз көздерімен көрген оқушылар орындарынан тұрып, бапкер мен шәкірттің өнеріне қол-қошемет көрсетті.

Кеш соңында мектеп директоры Ж. Сабиров боксшы мен бапкерге ұжым атынан алғыс хат табыстап, алда қойған арман мақсаттарына жетіп, ел абыройын асқақтата берулеріне тілектестік білдірді.

Замир Ғұмаров,

Бәйтерек ауданы

Янайкин ауылы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале