20.12.2021, 15:15
Оқылды: 51

“Даттың” айтары бар

Теректі ауданында халықтық “Дат” театры ақын, журналист Мұнайдар Балмолданың “Трактор” драмасын сахналады. Премьераға Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.  Құрметті қонақтар қатарында аталмыш қойылымның авторы Мұнайдар Балмолдадан бөлек, актриса, Теректі ауданының тумасы Эльмира Мақашева, актер, режиссер Самал Әбуов, Теректі аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев болды. 

коол датка

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайы жазылған «Трактор» қойылымы ақын, журналист Мұнайдар Балмолданың төл туындысы. Осыған дейін Теректі аудандық халықтық «Дат» театры аталмыш автордың «Ізгі қалаға оралу» қойылымын сахналаған еді. Қойылым Әл-Фараби бабамыздың 180 жылдығына арналды.

«Трактор» қойылымы – еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарын қамтиды. Қойылымның бас кейіпкері Адамбол Момынұлы – қарапайым тракторшы, еңбек адамы. Совхоздар тарап жатқанда сол кездегі совхоз директоры Ыбан Ыбанұлы (Иван Иванович) Адамболды жеке қожалығына жұмысқа шақырады. Есесіне Адамбол тізгіндеп жүрген көк тракторды сыйға беретінін жасырмайды. Шиеленіс осы жерде басталады.

Өмірінің бақандай 30 жылын совхозға арнаған Адамбол ел Тәуелсіздік алған уақытта қалған ғұмырын өзіне, отбасына арнағысы келеді. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінен үлесін алып, жеке қожалық болуды көздейді. Бірақ Ыбан мырзаның жоспары тіптен бөлек-тұғын. Ол өзі ашқан серіктестікке ауыл тұрғындарын қорқытып, үркітіп қосып, барлық техника мен ұшқан құстың қанаты талатын қазақтың жерін иемденгісі келеді. Алайда, оның жолында жүрегі қазақ деп соққан Адамбол тұрды. Адамбол өзінің тракторын қорғап қалғысы келіп, трактор рульін жұлып алып, үйіне әкеледі. Ыбан және оның қолшоқпары полиция қызметкері(ол кезде милиция деп аталды) Шәріп нақты жоспар құрып, жала жабу арқылы Адамболды түрмеге жабады. Жалған арыздарды алдыға тартып, басты кейіпкер 15 жылға темір тордың ар жағына тоғытылады. Осылайша, Адамбол Момынұлының өмірі күрт өзгереді.

Бірақ, Адамболдың сүйген жары Асылтас барлық қиындықтарға төзіп, өзінің асыл ерін күтуден жалықпайды. Намысын таптатпайды, ошағын өшірмейді. Нәтижесінде, Адамбол Момынұлы 15 жылдан соң үйіне оралады. Шаңырағында оны Асылтас пен жалғыз ұлы Ербол қарсы алады.

Трактор рульін  ешкімге бермей, сақтап қалған Асылтас оны Адамболға ұсынады. Адамбол трактор рульін елдің тізгіне балап, ел тізгінін ұлына тапсырады.  Міне, қойылымның түйіне де осы еді. Ел тізгіні жастардың қолында, Тәуелсіздікті ғұмырлы ету жас буынның еншісінде деген түйінді ұстанған қойылым көрермендер қошеметіне бөленді.

Аталмыш туынды  адам таңдауын шектеу, басшылардың жай жұмысшыларға деген озбырлығы, жазықсыз қудалану, туысқандардың байлық үшін қырқысы секілді қоғамдағы маңызды мәселелерді атап өтті. Барлық қиындықтардан тайсалмай өтіп шыққан бас кейіпкердің тек бір ғана үміті болды. Ол – ел Тәуелсіздігі. Елдің еркіндік алуы еңбекқор адамдарға мүмкіндік ашады деп есептейді Адамбол.

Қойылым соңында сөз алған автор Мұнайдар Балмолда әртістердің өз образдарын толық аша алғандығын жеткізді.

дат кол

-Бүгінгі қойылым бастысы қарапайым халыққа ұнады деп ойлаймын. Жазылған дүниенің сахнаға шығуы авторды қуантпай қоймайды. Бұл жерде автордан бөлек, режиссердің, әртістердің, театрды қолдаған аудан басшылығының да еңбегін атап өткен жөн. «Дат» театрымен мен шығармашылық байланыстамын. Алдағы уақытта да жақсы дүниелермен көрермендерді қуантамыз деп ойлаймын,-деді өз сөзінде Мұнайдар Мұханбетжанұлы.

Қойылым кейіпкерлерінің рөлін кәсіби әртістер емес, қарапайым өнер адамдары ойнады. Басты рөлдегі Адамбол Момынұлын журналист Әділет Орынбасаров сомдаса,  Ыбан Ыбанұлын халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері Айбек Дәулетқалиев ойнайды. Сонымен қатар, полиция қызметкері Шәріптің рөлін аудандық мәдени-демалыс орталығының жарық берушісі Нұрсұлтан Қадырғалиев, Адамболдың жары Асылтастың рөлін аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері Злиха Қалмағамбетова, Ыбан Ыбанұлының хатшысы кейін әйелінің рөлін аудандық мәдени-демалыс орталығының үйірме жетекшісі Әлия Шин, түрме қарауылының рөлін аудандық мәдени-демалыс орталығының режиссері Әділбек Қожабеков, Адамболдың ұлы Ерболдың рөлін Федоров қазақ ЖОББМ оқушысы Абылай Мұрат  сомдайды. Қойылымның режиссері Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры  әртісі Жамбыл Заевтың, музыкамен көркемдеген Асыланбек Шайхиннің, суретші Қайрат Сағидуллиннің де еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

«Дат» театры аталмыш қойылыммен жуырда Тасқала ауданында өткен республикалық байқаудан  І орынды жеңіп алып, аудан абыройын арттырған еді. Олай болса,  халықтық театрдан күтеріміз көп.

Әділет Әлібек,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале