7.05.2022, 18:32
Оқылды: 78

«Дәуқара батыр» – жарыс жеңімпазы

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Қаратөбеде көкпардан ересектер арасында аудандық турнир ұйымдастырылды.

IMG-20220507-WA0105

Мерекеге орай ұйымдастырылған шарада ауданның ауылдық округтерінен де тақымы берік шабандоздардан құралған командалар қатысты. Атап өтсек, көкпар ойынына Қаратөбе ауылынан «Дәуқара батыр» командасы, Сәуле ауылынан «Жақсыбай» командасы, Аққозы ауылынан «Сұңқар» командасы, Ханкөл ауылынан «Ханкөл» көкпар командалары қатысып, жеңіс үшін өзара бақ сынасты.

IMG-20220507-WA0109

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:

– Бүгінгі көкпар ойындарына қатысушы командаларға жеңіс тілеймін. Көкпар ойыны – сонау түркілер заманынан келе жатқан бабаларымыздың ұлы дәстүрі. Шыны керек, қазір ауданымызда ат спортына көңіл бөлініп келеді. Алайда кей округтерден көкпар ойынына қатысатын шабандоздар жоқтың қасы. Көкпар ойындары алдағы уақытта елді мекендерде де жалғасын тапса, ұлттық ойынға қызығатын жастар да табылады. Бабалардан мирас болып келе жатқан көкпар ойынына баршамыз қолдау білдірейік,-деді.

Қазақтың делебесін қоздырып, намысын қайрайтын дүбірлі доданың белді бәсекесіне баппен келген палуандарға сәттілік тілеу мақсатында Құран бағышталып,  игі тілек тіленді. Серке сойылып, дұға жасалынып болған соң, төреші Қайырбек Наурызбайұлы көкпар ойынының ережесімен таныстырып өтті.

IMG-20220507-WA0106

Шабандоздарға ойынның алдында рух, жігер беру мақсатында сазды сәлем жолданды. Алғашқы ойын «Жақсыбай» командасы мен «Ханкөл» көкпар командалары арасында тартысты өтіп, ханкөлдік жігіттер бір ұпаймен қарсыласынан басым түсті. Ал финалдық ойында «Ханкөл» командасымен ойын алаңына шыққан «Дәуқара батыр» командасы екі ұпаймен жеңіске жетіп, жарыс жеңімпаздары атанды.

IMG-20220507-WA0108

Көкпар ойынында салым салған шабандоздарға аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Кәрелұлы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин қаржылай қолдау білдірді.

Ойынының қорытындысында I орынға ие болған «Дәуқара батыр» командасы 150 мың теңге ақшалай сертификат және арнайы кубокпен марапатталса, II орын алған «Ханкөл» командасына 100 мың теңге ақшалай сертификат, III орынға тұрақтаған «Сұңқар» командасына 50 мың теңгелік сертификат табысталды.

IMG-20220507-WA0111

Спорттық сайысты қорытындылаған «Қаратөбе» спорт клубының директоры Екпін Тналиев қатысқан командаларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта ат спортына аса мән берілетіндігін атап өтті.

Әмірбек Әлібекұлы, 

Қаратөбе ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале