15.07.2021, 15:49
Оқылды: 97

Демократия осылай шыңдалады

Биыл еліміздің біршама өңірінде тұрғындардың өздері ауыл әкімдерін дауыс беру арқылы сайламақшы. Бұл - тәуелсіздік тарихындағы алғашқы көлемді деңгейдегі саяси науқан.

9EA8C24C-7EB0-4A2E-9BE6-5F52D83910A8

Өзге елдерде жергілікті деңгейдегі басшыларды тұрғындардың қалауымен, басым дауысымен сайлайтынын еститінмін. Бұл мүмкіндіктің бізге де берілгені, әрине, қуантады. Ауыл-елді көркейтуге нақты деректер мен көрсеткіштерге сүйенген бағдарламасы бар, дүйім елді жұмылдыра алатын көшбасшы осылай таңдалмақ. Оның бір белгісін «Nur Otan» өткізген праймеризден көрдік. Бірінен-бірі оза шапқан үміткерлер сол кезде ел алдында қолынан іс келетінін, ұйымдастырушылық қабілеттерін, ел ертеңіне алаңдаушылығын, экономика, әлеумет, рухани салада өзінің қосар үлесін сараптап, саралап жеткізді. Әрине, дода болған соң, арасында ерек қарым-қабілетімен көзге түскендер дараланып, әр деңгейде халық қалаулысы атанды.

25 шілдеде өтетін сайлауды да мен осы праймеризбен салыстырар едім. Үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен үміткерлер өздерінің жоспарларын халыққа ұсынады. Бұрынғыдай бірізділік, біржақтылық жоқ. Қай партиядан болсаң да, тіпті өзіңді-өзің ұсынсаң да, мүмкіндік бәріне теңбе-тең. Бастысы, халықтың көңілінен шығып, жергілікті елді мекеннің күрмеулі мәселелерін шешуге бел шеше кірісу, бір сөзбен айтқанда көптің сенімін ақтау.

Міне, демократия осылай шыңдалады. Әрбір адам осы сайлауда өзінің пікірін ашық білдіріп, өз таңдауын еркін жасай алады. Ал халықтың үмітін иеленген болашақ әкімдер ауыл-елдің көркеюіне барын салады деп сенемін.

Тілес Жазықбай,

Еңбек ардагері

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале