Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде барлық елдер 2005 жылы Будапештте сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітіліп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтеді. Осы айтулы күнге байланысты Жаңақала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереевпен сұхбаттастық.
Жанболат Бақтығалиұлы дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өту дәстүрі еліміз БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болып табылатындықтан барлығымызға ортақ айтулы күн болып табылады. Мереке құтты болсын! Сайлау жүйесіндегі өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.
- Рақмет. Осы сәтті пайдаланып, барша аудан тұрғындарын, газет оқырмандарын, сайлау жүйесі қызметкерлерін сайлаушы ретінде мерекемен құттықтаймын. Сайлау жүйесіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі ретінде 2021 жылдан бастап жүргізіліп жатқан ауылдық округтер әкiмдерiнің тiкелей сайлаулары мен 2024 жылы басталған аудан әкімдерінің сайлауын атап өтер едім. Біздің ауданымызда 2021 жылы Бірлік, Жаңажол, Көпжасар, Жаңақала және С.Меңдешев ауылдық округтерінің сайлауы өтсе, 2022 жылы Жаңақазан, 2023 жылы Пятимар, өткен жылы Қызылоба, Мәстексай ауылдық округтерінде ауыл әкімінің сайлауы өтті. Жаңақала ауданының барлық ауылдық округ әкімдері тікелей сайлаумен, яғни, сол округтің халқының дауыс беруімен сайланды деп толықтай айта аламыз. Бұл билік пен халықтың арасындағы байланыстың нығайғанын көрсетеді. Қазіргі кезде халықтың санасы ояу. Сайлауға бей-жай қарамайды. Халық өздері сайлаған әкімінен жұмысты да талап ете алады.
Биылғы жылы сайлау күні қалай атап өтілуде?
- Биылғы жылы алғашқы бейсенбісі ақпан айының 6 жұлдызына келіп отыр. Осы айтулы күнге байланысты азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге және сайлау процестерін жетілдіруге жастардың назарын аудару, тұрғындардың сайлау туралы түсінігін кеңейту, сайлаушылардың дауыс беруге қызығушылығын арттыру мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталған болатын. Біз өз кезегімізде тек қана бір күнмен шектеліп қалмаймыз. 6 ақпан күні Дүниежүзілік сайлау күніне арналған мерекелік зерделі кеңес өтеді. Жиында сайлау туралы түсінік жұмыстары, алда тұрған жоспарлар, сайлау комиссиясының жұмыстары туралы баяндалып, талқыланады. Сайлау комиссияларында еңбек еткен ардагерлерді Батыс Қазақстан облыстық және аудандық сайлау комиссиясының төрағасының алғыс хаттарымен марапатталады. Ауданымызда құрылған жас сайлаушылар клубы аудандағы белсенді жастардың басын қосатын жастар ресурстық орталығымен бірлесе Жаңақала колледжінің студенттерімен кездесулер өткізіп, «Қазақша QUIZ» интелектуалдық ойынын ұйымдастыру көзделуде. Осы іс-шаралар арқылы ауданымыздың жастары яғни, колледж студенттері сайлау туралы түсінік алады деген ойдамыз. Орталық кітапханада Дүниежүзілік сайлау күніне арналған көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар орталықтандырылған кітапхана жүйесінің «Дауыстап оқу бұрышы» радио айдарында «Сайлаушылардың құқықтары мен міндеттері» тақырыбында сайлаушылырға түсінік жұмыстары жүргізілуде. Болашақ сайлаушылыр мектептің оқушылары болғандықтан 11 сынып оқушыларына «Сайлау процесінің құқықтық негіздері» тақырыбында тәрбие сағаттары ауданымыздағы барлық орта мектептерінде өткізілуде.
Жаңақала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының өткен жылы атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы толығырақ тоқталып өтсеңіз?
- аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылы бекітілген жоспар бойынша жұмыстарын атқарды. Қазіргі кезде, аудан бойынша 37 сайлау комиссиясы бар, оның ішінде 1 аумақтық, 1 облыстық округтік , 11 аудандық округтік 24 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс жасайды. Өткен жылы Республикалық референдуммен қатар Мәстексай және Қызылоба ауылдық округі әкімдердің сайлауы өтті. Учаскелік сайлау комиссия мүшелерін оқыту 8 рет ұйымдастырылды. Барлық сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Үйден дауыс беру ұйымдастырылды. Сайлау учаскесінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар, кабиналар, пандус, аудиожазба, лупа, трафареттер және т.б қажетті жабдықтармен қамтылды. Сайлау заң талаптары бойынша өтіп, заң бұзушылық анықталған жоқ.
2025 жылдың І-ші тоқсанында 3 учаскенің орналасқан жерін өзгерту бойынша жұмыстанудамыз. Атап айтқанда Жангелді, Айтпай, Кіші Айдархан елді мекендері. Ағымдағы жылы Бірлік, Жаңажол, Көпжасар, Жаңақала және С.Меңдешев ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттік мерзімдері аяқталуына байланысты сайлаулар өтеді. Бұл айтып отырған негізгілері. Басқа жұмыстар жоспарға сай күнделікті атқарыла беретін болады.
Өзіңіз атап айтқандай биылғы жылы 5 ауылдық округтің әкімдері сайланады екен. Жалпы ауыл әкімін сайлауының тәртібіне тоқталсаңыз. Үміткерлер қалай тіркеледі?
Алдымен сайлау күні белгіленеді. Сайлау туралы заңның талаптарына сәйкес кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге жиырма бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Ұсынылған кандидаттар туралы ақпарат аудан әкімдігінің ресми сайтында жарияланады. Әрі қарай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әкімдікке үміткерлердің Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес және мемлекеттік қызмет саласындағы заңында оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау жұмыстарын бастайды. Ол үшін үміткерлердің құжаттарын тексеруге құзырлы органдарға жолдайды. Тиісті органдардан тексеру нәтижелері келген соң үміткерлердің талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі анықталып, сайлау комиссиясының хаттамасымен рәсімделеді және үміткерлерге таныстырылады. Одан кейін аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әкімдікке үміткерлердің сенім білдірген өкілдерін тіркеу жұмыстарын бастайды. Әкім болуға кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, тиісті сайлау округінің дауыс беруге құқығы бар сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауыспен қолдау табуы тиіс. Осы орайда кандидаттың талаптарға сәйкестігін тексергеннен кейін, үш күн мерзімде, өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған әкімдікке кандидаттарды қолдап қол жинау үшін қол қою парақтары кандидаттың сенім білдірген адамына беріледі. Толтырылған қол қою парақтары тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол үш күн мерзімде құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін тарта отырып, жиналған қолдардың дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады және тиісті хаттаманы ресімдейді. Бұдан бөлек саяси партия ұсынған кандидатты қоспағанда, үміткер өз қаражаты есебінен республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде жарна енгізеді. Жарна төленгендігін растайтын құжат сайлау комиссиясына табысталады. Кандидат өзіне және жұбайына (зайыбына) тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кіріс органдарына активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынады. Барлық тіркеуге қажетті құжаттар жиналып, құзырлы органдардың жауаптары алынғаннан соң сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеуді және оларға тиісті куәліктерді беруді жүзеге асырады. Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен жиырма күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Бұдан әрі сайлау алдындағы үгітті жүргізу жұмыстары басталады. Бұл үрдіс әкімдікке кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Аудан бойынша учаскелік сайлау комиссиясысының кейбір мүшелері көп жыл бойы қызмет етуде. Осы комиссия құрамын өзгерту кімнің құзіретінде?
Сайлау үрдісі ғана емес, комиссия құрамын қалыптастыру, олардың жауапкершілігін арттыру мәселелері тек қолданыстағы Конституциялық заң аясында жүзеге асады. Комиссия мүшелерін тиісті мәслихаттар саяси партиялардың ұсыныстары, ұсыныс болмаған жағдайда бірлестіктердің немесе жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы негізінде сайлайды. Өз өкілеттілігін жүзеге асыру барысында комиссиялардың қызметіне ешкім араласа алмайды. Сайлау комиссиясының мүшелігіне ұсынылған адамдарды ешкімнің алалауға, жұмыс орнына немесе кәсібіне байланысты шектеуіне болмайды. Олардың мәртебесі Конституциялық заңның 19 бабында («Сайлау комиссиясы мүшелерінің мәртебесі») айқындалған.
Ауданымыздағы кейбір белсенді азаматтар сайлау комиссияларының құрамы жергілікті бюджеттен қаржыландырылмауы керек деген пікір айтуда. Осы пікірге алып қосарыңыз бар ма?
Қазіргі кезде аудан бойынша аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, орынбасары және хатшысы тұрақты кәсіби негізде жұмыс атқарады. Аталған комиссия мүшелері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы ШЖҚ РМК арқылы қаржыландырылады. Учаскелік комиссия мүшелері жыл бойы бюджеттен еңбекақы алмайды. Бұл қате түсінік. Тек сайлау тағайындалған округтегі комиссия мүшелеріне комиссия құрамы жұмысына кіріскен уақыттан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы бекіткен сайлауға арналған шығыстар шеңберінде еңбекақы төленеді. Комиссия мүшелері сайлаудың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етеді.
Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде комиссияның қызметі туралы, сайлаудың маңыздылығы туралы, немқұрайлы қарамауға, сайлауға қатысуға ынта мен уақыт табуға, сондай-ақ өз елінің болашағын құру жауапкершілігін сезіну керектігі, әрбір дауыстың маңыздығы туралы мәліметтерді көбірек насихаттау басты назарымызда болатынын айтып өткім келеді.
Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы