1.04.2021, 10:51
Оқылды: 53

Дерт дендеп барады

Тағы да сол туберкулез туралы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 2 миллиард адам туберкулез микробактериясын жұқтырса, жыл сайын 8,6 миллионға жуық тұрғын осы індетпен ауырады. Оның жарты миллионнан астамы туберкулездің дәрілермен емделмейтін түрінен зардап шегеді. Ең сорақысы, жылына 1,3 миллион адам аталған сырқаттан көз жұмады екен. Дүние есігін ашпай жатып шақалақтарымыз осы туберкулез дертінің алдын алатын екпе алса да, өкпе құртының мыңдаған емі, миллиондаған дәрі-дәрмегі анықталса да, өміріне осы өкпе дертімен нүкте қоятын адам саны азаймай тұр деседі. Денсаулық сақшыларының айтуынша, соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу жағдайлары 2 есеге, ал өлім-жітім 6 есеге азайған. Көрсеткіштер көңіл қуантқанымен, туберкулезбен күрес мәселесі күн тәртібінен түсер емес.

Наурыздың 24-і халықаралық туберкулезге қарсы күні деп бекітілген. Осы айтулы күн қарсаңында аудан ақ халаттыларының ашынып айтар ащы тақырыбына қайта айналып соқсақ.

туб

- Бүгінде екінің бірі ақылы болса да оқу орнын бітірген, екінің бірінің қолында смартфон бар, ғаламның хабарын, бар ақпаратты қолында ұстап отырады. Білдей мекемеде қызмет жасайды. Бірақ қарапайым қауіпсіздік, сақтық шараларын білмейді, білсе де ескермейді. Басты байлығының бағасын білмейді.  Жыл сайын өтетін скринигке шақырып келтіре алмаймыз. Дәл қазір екі жүзден астам ауылдасымыздың рентгеннен өтпегеніне әрісі үш, берісі екі жылдан асқан. Тіпті туберкулез белгісі анықталса да, емделуге мүдделі емес. Қатты айтты демеңіз, ашығы сол. Бұл аурудан өзі ғана өліп тынбайды, айналасындағыларын да шарпып кетеді. Шарпып қана қоймай, жалмап кетеді, - дейді ауданның бас дәрігері Анарбек Белисанов.

Туберкулез – емделетін ауру. Емделу курсы ұзақ уақытты қажет етеді. ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлімдегендей, елімізде құрт ауруына шалдыққандардың 87%-ы дертінен айыққан. Соңғы жиырма бес бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда туберкулезден көз жұматындар саны дүниежүзі бойынша 42%-ға кеміген көрінеді.

Бүгінде елімізде туберкулезді ерте анықтау диагностикасының заманауи әдістері қолданысқа енгізілген. Туберкулезге қарсы ұйымдардарғы бактериологиялық зертханаларда осы дертті алғашқы 2 сағатта-ақ анықтауға мүмкіндік бар екен. Емдеу шаралары алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялармен толықтырылған.  Соның арқасында құрт ауруын емдеу ісі оң нәтиже бере бастады.

Дерт ерте кезден анықталса, емдеу протоколы керемет нәтиже берсе, туберкулез дертінің күн тәртібіндегі көкейтесті мәселе болып қала беруіне не себеп? Осыған жауап іздесек.

Ақ халаттыллар бір-бірінің аузына түкіргендей бастысы – науқастың жауапкершілігі деседі. Дертке шалдыққан азаматтың өз өміріне, жақын жандарының алдындағы жауапкершілігі басты критерий екен.  Туберкулез ауруы анықталған азаматтар емделу уақытының ұзаққа созылатынынан, емдеу мекемесінде жарты жылдап жататынынан қашады дейді мамандар.

«Астана TV» арнасындағы әріптесіміз Еркін Каринге берген сұқбатында облыстық туберкулезге қарсы диспансердің хирург-дәрігері Сағындық Жидебаев:

- Емделу тегін, қымбат дәрі қоры жеткілікті. Бірақ дерт анықталған науқас ауруханада жатып ем қабылдауға асықпайды. Дерт дендеп кеткен науқастың жай жөтеліп, түшкіргенінің өзі айналасы үшін аса қауіпті. Науқастан миллиондаған таяқша тарайды. Соны ескермейміз. Өз еркімен емделуден үзілді-кесілді бас тартатындар да бар. Ондай сот арқылы мәжбүрлі түрде емдеуге әкеп жатады. Өз аяғымен ем алуға келсе де, соңына жетпей, қашып кететіндер де баршылық. Ауру асқынса, салдары қиын. Кейде күніне екі отадан жасап жатамыз. Зақымданған органды кесіп алып тастағанымен де микробтар ағзадан қалады. Ауруханадан шыққаннан кейін де науқас жергілікті жердегі дәрігер қадағалауында болып, дәрі-дәрмек қабылдауын жалғастыруы керек. Салауатты өмір салтын сақтап, құнарлы азық қабылдауы керек. Науқастарымыздың басым көпшілігі дәрі-дәрмегін қабылдап, дәрігер қабылдауына бармақ түгілі, дұрыс тамақ та ішпей, ащы суға үйір боп алады. Иммунитеті әлсіз науқас кез келген уақытта ауруын өршітіп, өлім аузынан бір шығуы әбден мүмкін, - деген екен.

Емдеу орнынан қашып кетеді немесе жарты жылдап жатып ем алудан қашады деген дәрігер сөзіне аудан бойынша  дәйек те көп. Мәжбүрлі түрде жасауыл жетегімен облыс орталығына емдеуге аттандырған науқас келіншек ауруханадан шығарылған. Аурухана тәртібіне бағынбағанын үшін, режимді сақтамағаны үшін, ебін тауып ішімдік ішіп еліріп, тәртіпсіздік орнатқаны үшін шығарылған.

- Туберкулезбен ауырған адам аурудың негізгі жұғу көзі болып табылады. Науқастың қақырығынан туберкулез таяқшасы бөлініп, еденге не жерге түскен кақырық шаң-тозаңмен бірге ауаға таралып, ол ауамен тыныс алған адамға жұғады. Туберкулездің ашық түрімен ауырған адам тиісті ем қабылдамаса, жылына орта есеппен 10-15 адамға жұқтырады. Біздің ауданымыз бойынша  туберкулезбен жалпы аурушаңдық  2019жылда   – 137.7% (21) болса, 2020 жылда – 159.4%(24) өсті. Бұл салыстырмалы түрде тұрғын саны аздау аудан үшін дабыл қағарлық көрсеткіш, - дейді фтизиатр дәрігер Нұрболат Жанғалиев.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале