23.02.2018, 14:30
Оқылды: 39

Дін мәселесі талқыланды

Терроризм мен экстремизм идеялары таралуының алдын-алу, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бұқараға ұғындыру мақсатында Чапаевта «Рухани бірлік – ел болашағы!» атты жүздесу өтті. Шараны аудан әкімі Әділ Жоламанов ашып, жүргізді.

Салафизм сананы тұмшаламасын

Жат идеологияның әрекеті ойлы адамның бәрін алаңдатып келеді. Үрей тудырады, қоғамдық мәселелерде біраз түсінбестікті өршітеді. Салафизм, яғни шын мәнінде уахабилік көзқарасты ұстанушылардың теріс ықпалы көпшілікке мәлім. Ауылдардан тұрғындар, ҮЕҰ, ұстаздар, оқушылар, жастар өкілдері, психологтар жиналған аталған жүздесу нақ осы тақырыпқа фильм көрсетуден басталды. Әлгі ағымның жетегінде кеткендер, оның ішінде біздің аймағымыздан да ұшырасты, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырмай, ақиқаттан шеттетілді. Фильмде Қазталов ауданынан сондай жайсыздыққа ұшыраған бір отбасының отанасы сөйледі. Анау 90-шы жылдары Оралға келген бұл жанұя салафилердің ықпалына түсіп қалады. Қысқа балақ шалбар, жалбыраған сақалды озық деп есептеген отағасы қыздарына жамылып киінуді бұйырады, бұған көнгісі келмеген кезде қол жұмсайды. Отанасы осындай сұмдықты өкініштен өзегі өртеніп отырып баяндады. Бара-бара теріс уағызға әбден уланған отағасы сонау Сирияға беттегісі келгенде ұсталып, сотталады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы дін саласына қатысты пайымдар халықтың көкейінде жүрген көптеген сұраққа нақты жауап болды. 21 ұлт өкілі тұратын ауданымыздың жұрты мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық бағытын қолдап отыр. Тиісті 9 заңға және 2 кодекске 52 түзету енгізілмек, бұл діни бірлестіктер қызметіне қолайлы жағдай жасайтыны да сөзсіз. Сөйтіп, бірлігіміз, ұғыныстығымыз, мәдениетіміз шыңдала түспек. Аудан әкімі Ә.Жоламанов осы жайында айта келіп, діни сауаттылықты арттыруға уақыт өте ерекше талап жүктеп отырғанын әңгімеледі.

Рухани ағарту күшейтіледі

Бөтен ниеттегілердің аңдығаны – тату елдің бірлігіне ірткі салу. Мұндайға тұсау салу және титтей де арандатуға жол бермеу мақсатында Ақжайық ауданында да барынша тегеурінді істер атқарылып келеді. Айталық, жуырда ғана діни адасушылыққа ықтимал белгілері бар-ау деген 11 азаматпен (үш ауыл тұрғындары) жеке-жеке әңгімелесу өткізіліп, оларға радикалдық идеологияның қандай шырғалаңға ұшырататыны жан-жақты ұғындырылды. «Осындай аса маңызды деген шаралар облыс орталығынан теологтардың қатысуымен, жүйелі түрде жүргізіліп келеді»,- деді кездесудегі баяндамасында ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Бақтығалиева. Ол оқушылар, жастар арасында қоғамымызды жат әрекеттерден арашалау мақсатындағы бағыттар бойынша ізденістерді атады. Мысалы, «Дін тазалығы – ел тұтастығының кепілі», «Дін және дәстүр», тағы басқа тақырыптарда дәрістер, шығармалар мен суреттер байқаулары ұйымдастырылып келеді. Немесе көркемөнерпаздар ақ пен қараны ажырата алмай қалып, қанатын өкініш өрті шарпығандар жайында сахналық көріністер қоюда тәжірибе жинақтауда. Әлеуметтік желілерде діни тақырыптарға сауатты жарияланымдар орналастырып отыру ұдайы назарда. Медициналық қызметтен, атап айтқанда, балаларына екпе салдырудан әлдебір наным қателігі салдарынан бас тартқан (екпе алмаған балалар саны 74-ке жетіп отыр) ата-аналармен жұмыс жалғасып келеді.

О.М.Бақтығалиева осындай барлық іс-шараны теологтармен қоян-қолтық орындап, мазмұнға және сапаға қол жеткізу үшін ізденіс қанаттана түсетінін айтты. Ол діни білім беру орындарында оқып жатқан ауданның 16 түлегінің ертең діни ахуалға ажар әкелу үшін қызмет жасайтынына зор сенім білдірді.

Білгеннен сұрап, оның тілін ал

Кездесуге қатысқан БҚО дін істері басқармасының дін мәселесін зерттеу орталығының басшысы Азамат Әбдірахманов пен Орал орталық мешітінің найб имамы Бақытжан Сабыралиев жиналғандар алдында заманауи қоғамдағы қауіп-қатерлер, діни ахуалды ажарландыру хақында баяндады.

Бүгінде адам санасына шабуылды жан-жақты меңгергендер аз емес. Терроризм мен экстремизмнің бастаулары осында жатыр. Қоғамымыз тарапынан қауіп-қатерді жіті көре білу керек. Тиісті заңнамаларға өзгертулер енгізудің қолға алынғаны сондықтан.

Мысалы, діни ағымдарға қатысты сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалануға, таратуға жол бермеу керек. Балақты шолтитып, сақалын өзгеше өсірушілерге немесе бет-аузын тұмшалаушыларға бұдан былай біраз айыппұл салынуы мүмкін. Кәмелет жасына толмаған балаларға ата-анасының рұқсатынсыз діни іс-шараларға қатысуына тиым салу, қоғамға, дәстүрлерімізге жат амалдардан әйелдер құқығын қорғау жөнінде заңнамалық деңгейде толық негіз қаланбақ.

Экстремизмді насихаттаушылар 7 және одан да көп жылдарға темір торға тоғытылады.

Мешітке барғандардың бұдан былай оның ішкі тәртібі жөнінде ережеге сөзсіз бағынуы керек. Яғни, діни жөн-жоралғыда әлдекімдерге, білгішсымақтарға бұра тартуға жол берілмейді.

Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы өз сөзінде экстремизм мен терроризм жас талғамайтынын, күмәнді біреулерден әрдайым сақтану қажеттілігін қаперге салды. «Осы сайтқа кір, жақсы ақпарат бар» немесе «Тегін ағылшын курсына кел»,- деп «бауырына» тарта сөйлейтіндерден қашық жүрген абзал. Мұндай уағызшыларды тани білу үшін де теологтармен ақылдасып отырған жөн. Иә, білгеннен сұрап, білгеннің тілін алу керек.

Жастардың Исламның және басқа діндердің мәнін түсінудегі сауатсыздығы талай сорақылыққа жол ашқаны мәлім. Көзқарастар кертартпалығы орын алды. Кездесуде найб имам осыған байланысты біраз жайтты қаузады.

Иман дегеніміз әркімнің жүрегінде болуы керек екенін мүлдем білмей, мұсылмандықты сыртқы бейнеге қарап бағалау қандай ағаттық десеңші. Жарайды, сақалын қалай-солай өсіріп жүргеннің кім екенін болжай беріңіз, ал сақалын қырып тастап, экстремизмді насихаттап жүргендерді тани білесіз бе? Құранға құлақ ассақ қана төңірегімізде келеңсіз жайттар орын алмайды. Шынайы иман, шынайы мұсылмандық киімде немесе сыртқы әлдебір нәрседе емес, жүректе болады. Діни наным-сенімге байланысты біреудің біреуді өзінің қатарына тартқысы келіп күштеуіне, Исламның кейбір қағидаларын «қате» деп уағыздауға ешкімге құқық берілмеген. «Анау намаз оқымайды»,-деп біреудің құқына қол салу дұшпандықпен тең.

Бақытжан Сабыралиев рухани дағдарысқа ұшырамау үшін экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастырудың ауадай қажеттілігін еске салды. Бұл істе кешігуге болмайды. Әке-шешелер балаларының тағдыры үшін серпілгені жөн. «Ауыр еңбек деген жоқ, ол мезгілінде орындалмай қалған уақ істердің жиынтығы»,-дегендей, маңызды тірлікті ертеңге қалдырсақ, ойсырап ұтыламыз. Кім-кімге де сауаттылық керек. Исламның ең бірінші қағидасы да осы.

Кездесу барысында аталған орталық басшысы мен найб имам балалардың намаз үйреніп, оқуына, дұға дастарқандарының мәзіріне қатысты сұрақтарға жауап қайтарды.

Шараны Ә.Жоламанов қорытындылады.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале