15.12.2020, 18:17
Оқылды: 128

Діни сауатты жетілдірер кітаптар келді

Деструктивті діни ағымдардың ықпалын сейілтіп, азаматтарымыздың діни сауаттылығын жетілдіру мақсатында ауданымызға ҚР Дін істері агенттігінің дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған әдебиеттер жеткізілді.

55E7BA7D-AAAA-4562-A783-53419D7EF2E8

Күні кеше исламға бет бұрған, ата-бабамыз ұстанған мәзғапты жалғасам, ұл-қыздарыма баба дінін түсіндірсем деген жандарға зор пайдасын тигізер әдебиеттердің таныстырылымы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр және ауыл азаматтары мен жастар қатысты.

-Дін саласындағы басты мәселеміз — исламға бет бұрған жастарымызға дұрыс жол сілтеу. Ол бағыттағы жұмыс еш тоқтамақ емес. Арнайы діни кітаптарды алудағы мақсатымыз да жастарға дұрыс тәрбие беру. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Жаңа кітаптарда дін саласының көптеген сұрақтарына жауап беріледі. Болашақта аталған әдебиеттер санын арттыра түсетін боламыз,-деді кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

971E2AE3-8970-4E59-8A06-67E99233EB10

Қазіргі қолданыстағы ҚР-ның «Дін және діни ұйымдар туралы» заңына сәйкес әр ауданда діни әдебиеттер сататын арнайы орын белгіленуі керек. Ауданда осыған дейін аталмыш кітаптарды сатуға рұқсат берілген екі орын ұсынылған болатын. Оның бірі Дариян ауылында болса, екіншісі аудан орталығында еді. Өкінішке орай Переметныйдағы орын жұмысын тоқтатса, Дариян ауылындағысы киім-кешек және азық-түлік сатуға көшкен. Оның себебі діни әдебиеттерді оқуға деген сұраныстын аздығынан болып отыр екен. Бұл туралы жиында сөз алған ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр мәлімдеді.

Десе де тығырықтан шығар жол іздеген терроризмге қарсы арнайы комиссия тобы мен терроризмге қарсы жұмыс тобы ақылдаса келе жамағат көп жиналатын үш мешітте арнайы кітапхана ашуды ұйғарыпты. Енді Переметныйдағы, Дарияндағы және Асан ауылындағы мешіттерге барған азаматтарға жоғарыда аталған кітаптарды алуға мүмкіндік жасалмақ.

-Мешіттерде кітап жетерлік, оны имамдар өздері пайдаланады. Ал бүгін келген әдебиеттер еркін жазатын діни сауаты мықты авторлардың еңбектері. Жалпы 38 автордың 250 дана кітабын алдық. Бұлардың ішінде көп адамның қолы жете бермейтін Хайреттен Өзтүріктің «Ислам ғылымхалы» кітабы, Әбдісамат Қасымның «Заман тудырған сұрақ» кітабының екі томы, қазақтың наным сенімі мен дәстүрінің исламмен біте қайнасқанын дәлелдейтін «Даналық ойдан дән ізде» деген оқулықтар бар,- деді Н.Дүзбатыр.

Бұдан бөлек жаңа әдебиеттер арасында «Құран кәрімнің» түсіндірме аудармасы, қыз-келіншектерге арналған «Әйелдерге арналған 30 хадис», ерлі-зайыптыларға қызық болатын «Жұбайлар құпиясы», «Шаңырақ шайқалмасын десеңіз», балаларға арналған «Алланы танығым келеді» сияқты кітаптар бар. Әрқайсысы бұрынғыдай бір данадан емес, 20-30 дана болып келген оқулықтар да кездеседі. Өз сөзінде Н.Тоғызбайұлы аталған кітаптар алдағы күндері жоғарыда аты аталған ауылдардағы мешіттерге жеткізілетінін айтты. Қалаған адам сол орынға барып, қажетті кітабын жаздырып ала алады.

Айта кететін тағы бір жайт, жаңа әдебиеттер арнайы сараптамадан өткендіктен, оны басқаға беруге немесе оқуға ұсынуға ешкім шектемейді. Алдағы уақытта ол кітаптар санын өсіріп, жастарды дұрыс жолға бағыттау, теріс діни ағым жетегіне ерген азаматтарды райынан қайтару бағытындағы басқа да жұмыстар атқарылатын болады.

Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Тастайұлы ел азаматтарының дін саласындағы білімін жетілдіруге бағытталған кітаптардың ауданға келуі қуанышты жағдай екенін айтты.

Сондай-ақ басқа да қатысушылар өз пікірлерін білдірді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале