19.08.2021, 12:05
Оқылды: 115

Дипломмен ауылға аттанғандар қалаға неге қайтады?

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 12 жылға жуықтады. Осы уақытқа дейін көптеген жас маман бағдарлама аясында туған жер төсіне оралып, ауылдың гүлденуіне қолғабыс қылуда. Оларға мемлекеттік бюджеттен алғаш қайтарымсыз жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ баспанамен қамтамасыз етілу мәселесі де мемлекет назарынан тысқары қалмайды. Алайда ауылға аттанған жас мамандардың міндетті үш жылдық еңбек өтілін өтеп болған соң, қалаға қайтып кететіні жасырын емес. Оның себебі неде?

2020_02_14_diplommen-auylga

Бағдарламаның игілігін көргендердің басым бөлігі – педагогтар

Бұл бағдарлама негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Жәнібек аудандық қаржы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, «Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2021 жылға дейін) 468 маман көтерме жәрдемақы алса, 206 маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие алыпты.

Жоба аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған маманға мемлекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Яғни, тек 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 пайыз мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік көмек алған маман ауылда кемі үш жыл жұмыс істеуге міндетті.

Осы уақыт ішінде бағдарламаның игілігін көргендердің көш басында білім саласының қызметкерлері тұр. Қалған сала қызметкерлерінің үлесі аздау. Сондықтан білім беру қызметкерлері осы бағдарламаның өзегі деуге болады. Бірақ дипломмен ауылға барған мамандардың ішінде көбіне-көп қалаға қайтадан қайтып кететіндер де – педагогтар мен дәрігерлер.

Ауылдың гүлденуі – жастардың қолында

Дипломмен ауылға келген Нұргүл Әбдірешова бағдарлама талаптары жыл сайын жаңартылып, жастарға қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтады. «Мен 2012 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды аяқтап, қолыма дипломымды алған соң ауылға оралып, ұстаздық жолды туған жерден бастауды құп көрдім. Келген бетте бірден мемлекеттік бағдарлама игілігін көруге ұмтылып, бір реттік жəрдемақы мен тұрғын үйге қол жеткіздім. Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі боп алғаш еңбек жолымды бастадым. Бүгінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарымын. Көзді ашып-жұмғанша зырғып 8 жыл өте шығыпты. Қазір жас мамандардың қатарынан емеспін. Аздап жинаған тәжірибем бар», - дейді.

Нұргүлдің әріптесі Ақманар Рахметова да бағдарламаның шарапатын көрген мұғалімдердің бірі.

- Алғаш берілген көтерме ақшаға ноутбук алғаным есімде. Жас маманмын ғой. Балаша қуандым. Кейін тұрмысқа шығып, аталмыш бағдарлама аясында үйлі болдым. Отбасыммен сол үйде тұрып жатырмыз. Бағдарлама көңіл қуантады. Үй алып жатқан жастарды көріп қатты қуанамын. Бірақ айналамда үйлі-күйлі болған соң қалаға кетіп жатқандар да бар. Оларға ренжуге де болмас. Жастардың дені қалада тұрғанды қалайды. Әркімнің өз еркі. Әйтсе де өзім ауылға жас мамандар көбірек оралғанын, ауылда шыңдалып, биіктерді бағындырғанын қалаймын. Ауылдың гүлденуі біздің қолымызда емес пе? - дейді ол.

Қалаға құмар кадрлар

Иә, әркімнің өз таңдауы бар. Жас мамандардың екі-үш жылдай жұмыс істеп, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтатыны жаңалық емес. Дегенмен, тапшы мамандардың үш жылдай тәжірибе жинақтап, үйреніп, жан жақты дамып жатқан сәтінде кетіп қалатындары көңілге қаяу түсіреді. Соның ішінде дәрігерлер. Дәрігерлердің ауданда тұрақтамауы өзекті мәселе. Аудан әкімінің қабылдауына келген тұрғындардың дені  дәрігерлердің жоқтығын айтып шағымданады. Бірақ мәселе шешілер емес. Жас маман келеді, қайта кетеді. Ол кеткен соң орнына тағы жас маман келеді.  Күн тәртібінен түспейтін мәселеге аудандық аурухана басшылығының айтуынша, жас мамандардың көпшілігі қалада тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар болғасын кетеді. Хирургтар болса ота жасау, соңғы үлгідегі аппараттарды қолданып үйренгісі келеді. Кезінде ауылға аталмыш бағдарламамен келген жалпы тәжірбиелік дәрігер Анар Саламатқызы мамандардың тұрақтамауына әр түрлі себеп бар екенін айтады.

- Дәрігер де адам ғой. Түрлі жағдай болады.  Өзіммен қатарлас жасаған әріптестерімнің бірі отбасылық жағдайға байланысты ауысса, қайсыбірі резидентура оқу үшін көшіп кетті. Жас дәрігерлер ауылдан қашпайды, тек оқуын тереңдеткісі келеді, - дейді ол.

Жас мамандардың арасында оқуға «ауыл квотасы» бойынша түсіп, алғаш үш жыл ауылда жұмыс жасауға міндетті мамандар да бар. Елді мекендерде тапшылығы айқын сезілетін мамандықтар бойынша  жалпы грант санының 30 пайызын ауыл мектептерінің  түлектеріне берген мемлекет, оқуларын тәмамадаған соң оларды 3 жыл бойы ауылда жұмыс істеуге міндеттейді. Алғашында тек жоғары оқу орны мен студент арасындағы келісімшарт негізінде бекітілген бұл борыш кейіннен «ҚР Білім туралы» заңымен шегелене түсті. Ал ауылға баруға бас тартқан маман өзінің білім алуы үшін қазынадан бөлінген қаржыны әр теңге, тиынына дейін санап, мемлекетке қайтаруы тиіс. Мектеп бітіре салып қалаға қашатын жастар шалғайдағы ауылға барса, өркениеттен құр қалып қоятындай көреді. Жайлы жұмыс, мол жалақы, бақуатты өмірді тек шаһардан  ғана табуға болады деген қасаң көзқарасты сіңірмегендері ілуде біреу.

Қаржы бөлімі өкілдерінің қатысуымен аудандық бюджеттің игерілуі хақында өтетін жиындарда алған үйдің ақшасын берілген кестеге сай уақтылы төлемейтіндер жөнінде де жиі айтылады. Ол әрине әр маманның жеке басының мәселесі. Алайда соның салдарынан олардан кейін құжат тапсырған өзге жас мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берілмейді. Иә, қаржы қайтарылуы қажет, себебі бұл бағдарлама – инвестициялық жоба. Шындығында бағдарламада мамандарды тарту үшін түрлі тиімділік қарастырылып келеді. Айталық, бұрын міндеттелген 5 жыл жұмыс өтілі қазір 3 жылға қысқарды. Оған қоса жыл сайын инфляция­ жағдайына байланысты қаржы көлемі артып отыр. Тұрғын үйлердің бағасы қарыштап тұрған заманда үйлі болудың жарты бақыт екенін жастар түсіну керек.

Қалаға кетіп қалатындар – жалғызілікті мамандар

Ақоба ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін Әсемгүл Ахметова дипломмен ауылға барғаны үшін үй алыпты.

«Мен үйді 2 млн 300 мың теңгеге алдым. Ай сайын 12 мың теңгеден төлеп отырамын. Ең жақсысы, бұл – пайызсыз берілетін несие, сондай-ақ төлей алмай қалсаңыз да пайызы өспейді», - дейді жас маман. «Негізінен қалаға қайта кетіп қалатындар – жалғызілікті мамандар. Мәселен, менің отбасым бар. Жолдасым екеумізге жеңілдеу түседі. Бала-шағаңның сол ауылда дүниеге келуі, жетілуі, өз үйіңнің болуы тұрақтап қалуға әсер етеді. Ал адам жалғыз болса, шешім шығару да, қалаған жеріне кетіп қалуы да оңай болады», деген тәрбиешінің пікірінше, бағдарламаны жас отбасына берген жөн.

 

P.S  Үнемі сурет салып, іс тігуді ұнататынымды байқаған атам «Қызым, суретші, тігінші болсаң, ауылда жұмыс болмайды ғой...» деп жиі айтатын. Осыдан еңбек жолымды ауылдан бастау керектігін ұғынып өссем керек. Дипломды қолыма алғаннан кейін ешкім ауылға қайтасың демеді. Бірақ ауылға оралатынымды білдім. «Отан отбасынан басталады» демекші, баланың мақсат-мүддесіне ұшқан ұяның да әсері бар.

 

Әсемгүл Әбділда,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале