2.11.2020, 10:42
Оқылды: 313

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының Жаңақала ауданындағы ахуалы қалай?

Әлқисса! Әңгімеміздің өзегін әріден бастайық. Университетті ойдағыдай тәмамдап, сиырдың тіліндей болмаса да ту түстес көк дипломымды қолыма алып, жас маман атанып, жастық жігерімді өз туған жеріме арнаймын деп келген болатынмын. Жәрмеңке арқылы Сарыкөл ауылында орналасқан Абай атындағы ЖОББМ-не өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. 1-2 ай көлемінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Тиіспегені ештеңе емес, тіпті жауап та берілген жоқ. 70 үйлі ауылға барып жұмыс жасаған маған тиіспеген бағдарлама, ауданда үйлері бар, жағдайлары тым тәуір мамандарға тиісіп жатты. Кісінің малына кісінейтін мен емес, Алла берген ризығымды теріп, бұйырған жұмыстарды жасап жүрдім. Бірақ көңілімде дүдәмал сұрақтар сол күйі қалды. «Өмір ғой» деп жүре беріппіз. Көлемді материалымды осы тақырыпқа арнайыншы деп, асай-мүсейлерімді арқалап, аудан әкімдігі ғимаратында орналасқан аудандық экономика және қаржы бөліміне бардым. Басшысы өзгергені болмаса, сол мамандар жұмыстарын атқарып жатыр екен. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы елімізде 10 жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Негізгі мақсаты – шалғай ауылдарға жетіспейтін мамандарды алдыру және олардың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешу болып табылады. Тақырыбымызға арқау етіп отырған бағдарламамыздың да шарттары біраз өзгеріпті. Бұрынғыдай жас мамандардың үй алуын немесе көтерме жәрдемақыға ілігуін комиссия шешпейді екен. Бұл жөнінде сол мекемеге барғанымызда анықтап білдік.

EAyI3N6XYAAH9_O

Сала маманы не дейді?

Осы салаға қатысты маманға сауалдарымызды қойып, жауаптарын смартфонымызға түртіп алдық. Бағдарламада орын алған өзгерістер туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Мерей Ғапаров:

«Бюджеттік несие 0.001 пайызбен жас маманға берілетін қаржы. Биылғы есеппен 1500 айлық есепті көрсетеді. Санмен есептесек, 4 миллион 167 мың теңге болады. Бір реттік көтерме жәрдемақының мөлшері – 100 айлық есептік көрсеткішке тең. Ол 277 мың 800 теңге болады.

Биылғы жылы 19 маман бюджеттік несие алып, 28 маман көтерме жәрдемақыға ие болды. Биылдан бастап бұл бағдарламаға құжат тапсыру тоқтатылмайды. Жас мамандар құжаттарын тапсырып, кезекке тұра алады. 2019 жылы аудан әкімдігі жанынан арнайы комиссия құрылып, сол комиссияның шешімі негізінде беріліп отырды. Ал қазір 2020 жылы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжаттарын ұсынады. 6 жұмыс күн ішінде құжат тапсырған адамдарға өткен-өтпегендігі немесе кезекке тұрғандығы жөнінде жауап қайтарылады. Кезекке тұрғандар алдымыздағы 2021 жылы қамтылады. Күні бүгінге дейін 28 маман бюджеттік несиеге кезекке тұрса, 36 маман көтерме жәрдемақыға кезекке тұрған.»

Осы жауапты естігенде «міне әділдікке аз да болса ұмтылған мемлекет болыппыз ғой» деп ойладым. Шынымен де құжатын тапсырған кез келген маманға онлайн жауап келсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Ол жақта да құжаттарды қарайтын адамдар ғой.

«Әр адам өзінің ақылының жеткен жеріне дейін әділ болады» деген сөзді де естен шығармаған дұрыс болар.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының шарттары өзгерместен бұрынғы мәліметтерді де сұрастырып көрдік.

- 2018 жылы мәдениет саласы бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасына 93 адам тапсырды. Оның ішінде 8 маман мәдениет және спорт саласы бойынша тапсырып, 8 маманнан 2 маман көтерме жәрдемақыға және 3 маман бюджеттік несие алды. Білім саласы бойынша 54 жас маман тапсырып, соның 17-сі біржолғы көтерме жәрдемақыға ие болса, 16 маман тұрғын үйге қол жеткізді, яғни бюждеттік несие алды. Денсаулық саласы бойынша 25 жас маман тапсырып, соның 9 маманы көтерме жәрдемақы, 6 маманына тұрғын үй берілді. Ветеринария саласы бойынша 6 жас маман тапсырса, соның тек 3 маманына көтерме жәрдемақы берілді.

2019 жылы мәдениет және спорт саласы бойынша 13 маман тапсырып, 2 маман көтерме жәрдемақыға өтті. Ал 5 маман бюждеттік несие рәсімдеді. Денсаулық саласы бойынша 25 маман тапсырып, соның 5-еуі бюждеттік несие алып, 6 маман көтерме жәрдемақы алды. Білім саласынан 65 маман құжат тапсырып, 14 маман бюджеттік несие алған. Ветеринария саласы бойынша 5 маман тапсырса, соның 1 маманы үй алып, 1 маманы көтерме жәрдемақы алды, - дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы М.Ғапаров іле-шала.

- 2020 жылдың шілденің 15-і күні аудан әкімдігі сайтына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы туралы ақпарат шықты. Соған кірген адам барлық ақпаратқа қанық болады, - деп жауап берді бізге аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы М.Ғапаров.

Бағдарламаның тиімділігі және басты шарты

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының қолайлы тұсы өте көп. Баспанасы жоқ жас маман пәтерге қол жеткізе алады. Оған ілікпеген жағдайда бір жолғы көтерме жәрдемақыға ие болуға мүмкіндігі бар. Басты шарты – бағдарламаға іліккен жас маман сол ауылда кемінде 3 жыл еңбек етуі керек. Мемлекетке де, жас маманға да қала берді түлек шығарған жоғары оқу орнына да шаш етектен пайда деп нақты айта аламыз.

Сұраныста қандай мамандықтар болған

Мақаламыздың басында бағдарламаның басты мақсаты туралы жаздық. Соған қайтып оралып, қаузай түсейік. Біздің сұрақтарымызға жауап берген бас маманның айтқаны бойынша аудан әкімдігі сайтына кіріп, қандай мамандықтар бойынша сұраныс түсірілгенін көрдік. Денсаулық сақтау саласы бойынша: стоматолог – 1, эпидемиолог – 1, акушер-гинеколог – 1, кардиолог – 1, рентгенолог – 1, фельдшер – 2, акушерка – 3, медбике – 2 маман қажет екен. Білім беру саласы бойынша: қазақ тілі мен әдебиеті маманы – 2, орыс тілі мен әдебиеті – 2, математика – 2, физика – 2, химия – 2, дене шынықтыру – 2, бастауыш сынып мұғалімі – 2, биология – 2, география – 2, ағылшын тілі – 2, педагогика, психология – 2, тарих – 2, технология – 2, АӘД – 2, информатика – 2, дефектолог – 2, логопед – 2, мектепке дейінгі ұйымдарының барлық мамандықтар мұғалімі – 2, психолог – 2, әлеуметтік педагог – 2, қосымша білім беру педагогы – 2, тәрбиеші – 2, музыкалық жетекші – 2, ұйымдастырушы педагог – 2 және 2 тәлімгер жетіспейді екен.

Мәдениет және спорт саласы бойынша: кітапханашы – 1, жаттықтырушы – 1 қажет болса, агроөнеркәсіптік кешен саласы бойынша: ветеринариялық дәрігер – 1, ветеринариялық фельдшер – 3. Міне, осыншама жас маманға сұраныс берілген.

Бұлардың барлығын жіпке тізіп неге айтып отырмыз? Осы мамандықтардың барлығы келді ме деген сұрақтың жетегімен аудандық білім беру бөліміне хабарластық. Бас маман Лаура Имашева бізге «Бұл сұрақ бойынша мәліметті біз бермейміз» деп қысқа қайырды. Түбіне жете алмасымызды біліп, орта жолдан тоқтадық. Ауыл-аймақтардағы жетіспейтін мамандарға берілмегесін бағдарлама толықтай мақсатына жетті деп те айта алмаймыз.

Сөз соңы

Тағы да қайталап айтамыз, бұл мақаланы жазудағы мақсат біреудің жұмысынан мін іздеу я болмаса бізге берілмеді деген өнбес дауды қуу емес. Жазғанымыз оқырманға жетіп, керекті мәліметін алса, бағдарлама аясында шын мұқтаж жас мамандарға басымдық берілсе деген үмітіміз ақталса, біздің мақсаттың орындалғаны. Жаза алмасақ бізге серт, жазылғаннан кейін әу бастағы миссиясына жетпесе жауапты жандарға серт!

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале