5.07.2022, 18:43
Оқылды: 63

«Домбырам – асыл мұрам»

Домбыра ұлтымыздың шежіресін шертіп, талай ғасырдың куәсі болған қасиетті музыкалық аспап. Сан ғасырлар сипатын сыңғыр үнімен жеткізіп келе жатқан ата-бабамыздан қалған баға жетпес мұрамызды қастерлеу мақсатында 2018 жылы 1 шілде Ұлттық домбыра күні деп белгіленген болатын.  Содан бері елімізде дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан мерекеге орай Шыңғырлау аудандық демалыс-саябағында мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Домбырам – асыл мұрам» атты іс шара өтті.

IMG_3061 Сахна шымылдығы «Еркем-ай» би ансамблі бишілерінің талшыбықтай бұралған «Бипыл» биімен ашылса, өнерпаздар Ә. Жұбаниязов «Домбыра туралы баллада», А.Қалиев пен А.Хибашов «Ауылым», А.Сатпанов «Домбыра» әндерін асқақтата шырқады. Көшпелі елдің шежіресін шерткен қасиетті қара домбыраның шанағынан күй төгілткен Ә.Қаражановтың «Ерке сылқымы», А.Хибашовтың «Адайы», Е.Сүлейменовтің «Серпері», Н. Сатпановтың «Терісқақпай» күйлерін орындауы тыңдарман жүрегінен жол тапты.

Ал халықтық  «Торатбас әуендері» фольклорлық ансамблі Орынбай Дүйсеннің  «Шыңғырлау ұраны», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиса»т.б. күйлерімен шара қорытындылады. Алма Нажмеденова жетекшілік ететін бұл ансамбль 2018 жылы құрылған. Әрдайым мерекелік шараның алдыңғы сапынан көрініп, аудандық қана емес, облыстық көлемде  жүлдегер атанып жүрген ұжым ізденімпаздығымен ерекшеленіп келеді.

IMG_2922

«Талай кездің куәгері болған қасиетті домбырамызды ұлықтау мақсатында өтіп жатқан бүгінгі шарада ұлым Әлішер Қаражанов алғаш рет «Ерке сылқым» күйін жеке орындап шықты. Аудандық балалар саз мектебінде ұстазы Үміт Сүйеуқызынан дәріс алғанына не бәрі 2 жыл болса да, осындай дәрежеде өнер көрсетіп жатқаны біз үшін әрдайым қуаныш. Бұл ұстазының талмай еңбектенуінің арқасы»,-дейді бүгінгі шарадағы ең жас күйшінің анасы Лунара Орынғалиева.

Күннің нөсерлетіп тұрғанына қарамастан, ұлттық өнерге деген шынайы көзқарасы жоғары көпшілік шарадан көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

Б.Баймағамбетова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале