Қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлттың рухани болмысы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Бүгінде осы асыл мұраны өзге ұлт өкілдерінің де ықыласпен меңгеріп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жас жеткіншектердің бары қуантады. Солардың бірі – Ақсай қаласындағы Балалар музыка мектебінің домбыра класының 1-сынып оқушысы Ангелина Максимейко.

Небәрі бір жыл бұрын ғана домбыра үйрене бастаған жас өнерпаз аз уақыт ішінде талантымен көзге түсіп, республикалық және аудандық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Оның қоржынында А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде өткен Хабиболла Тастанов пен Бақыт Басығараевтың 100 жылдығына арналған республикалық домбырашылар байқауының ІІІ дәрежелі лауреаты, Ақтөбе қаласында өткен «Дала сазы» республикалық байқауының І дәрежелі лауреаты, аудандық «Өнеріміз саған, Қазақстан» фестивалінің ІІІ дәрежелі лауреаты, «Жас музыканттар» байқауының Бас жүлдесі және «Менің Отаным – Қазақстан» туристік әндер байқауының І орны секілді жетістіктер бар.
Ангелина тек күй орындаушы ғана емес. Ол домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқап, гитара аспабында да еркін ойнайды. Музыкалық қабілетінің арқасында жаңа шығармаларды қысқа мерзімде меңгеріп, түрлі байқауларда өнер көрсетіп келеді.
- Домбыраның қоңыр үні мені алғаш естігеннен-ақ ерекше әсерге бөледі. Осы аспапта ойнау маған үлкен қуаныш сыйлайды. Сондықтан қазақтың ұлттық аспабын үйренуге бел будым. Домбыра сыныбына бір жыл бұрын келдім. Оған менің жанымда жүрген құрбыларым себеп болды. Олармен бірге мен мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесіне еріп бардым. Сол кезде маған аспаптың үні қатты әсерлі болып естілді. Мен де сол үйірмеге жазылдым. Бірақ мен кейін, саз мектебін есітіп,сол арнайы мектепке келіп, домбыра үйренуді жалғастырдым. Қатысып жүргеніме 1 жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде бірнеше күйді меңгеріп, өнерімді шыңдауға күш салып жүрмін. Алдағы уақытта да шеберлігімді жетілдіріп, түрлі байқауларға қатысып, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеуге өз үлесімді қосқым келеді. Сол үшін де алдағы уақытта осы домбыра аспабы бойынша оқуға түскім келеді, – дейді жас өнерпаз Ангелина.

Жас өнерпаздың жетекшісі Диана, Каримованың айтуынша, Ангелина музыка мектебінің 1-сыныбында білім алып жүргеніне қарамастан, бүгінде 5-6-сынып оқушыларының бағдарламасына енгізілген күрделі күйлерді орындап жүр. Оның репертуарында Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», Е. Тоқсабановтың «Жауға», Бақыт Басығараевтың «Аманғосым», Хабиболла Тастановтың «Тыңға аттану» және басқа да күрделі шығармалары бар. Ұстазының сөзінше, Ангелинаның еңбекқорлығы, сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлігі және қазақтың ұлттық өнеріне деген ерекше құрметі көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып келеді. Өзге ұлттың қызы бола тұра, қазақтың қасиетті домбырасын жан-тәнімен қабылдап, ұлттық өнерді насихаттап жүрген дарынды шәкірттің болашағынан зор үміт күтеді.
Айта кетейік, Диана Даулеткерейқызы 2016 жылдан бері Ақсай қаласындағы Балалар музыка мектебінде домбыра пәнінен дәріс беріп келеді. Ұстаздың айтуынша, осы уақыт ішінде оның екі шәкірті музыка мектебінің бес жылдық оқу бағдарламасын үздік аяқтап, бүгінде Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде домбыра мамандығы бойынша білімін жалғастырып жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі мен ұлттық өнердің сабақтастығын айқын көрсететін жетістік.
Міне, біз таныған домбырашы Ангелина – ұлттық өнердің ұлтқа бөлінбейтін асыл қазына екенін дәлелдеп жүрген жас өнерпаз. Оның домбыраға деген ықыласы мен еңбегі қазақтың төл өнерінің өрісін кеңейтіп, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге өзіндік үлесін қоса беретініне сенім мол.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы