15.12.2023, 17:50
Оқылды: 54

Дөңгелек үстел өтті

Казталов аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік бастауы – желтоқсан» атты дөңгелек үстел өтті.

image-15-12-23-05-08-1

Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова:

- Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Өзінің алдында дербестігі. Тәуелсіздік – сіздің тыныстап отырған, еркін әрі бақытты күн кешіп жатқан Отаныңыз. Ендеше, қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін бағалау жолында бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет. Биыл сан қилы жолдардан өтіп, аңсап жеткен Тәуелсіздігімізге 32 жыл толып отыр.

Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туымыз тұғырлы болсын, - дей келе жиналған жұртты мерекемен құттықтады.

Қатысушыларға Тәуелсіздікке жету жолы туралы бейне ролик көрсетілді.

Дөңгелек үстелде еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев жүрекжарды тілегін жеткізді.

image-15-12-23-05-08-2

Қайырғали Есмағанбетов,

Желтоқсан оқиғасына куәгері, Көктерек ауылының тұрғыны:

- Желтоқсан оқиғасы ер-азаматтарымызды аямады. Алаңға тек ер жігіттер ғана емес, қайсар мінезді нәзік қыздарымыз алаңға шыққаны баршамызға аян. 16-17 желтоқсан күндері Алматы қаласында мыңдаған қазақ жасы тоталитарлық жүйеге қарсы болып, наразылық білдіріп, бейбіт шеруге шықты. Ол кезде мен 3-курс студентімін. Алаңға барған кезімде қарсы шыққан қазақ жастарын күшпен итеріп жатқанын көрдім. Сол кезде оқып жүрген жастарды үйлеріне қайтарды. Кейін мені оқу орнында лекция жазып отырған жерімнен тергеуге алып кетті. Алаңға барғаным үшін маған екі жыл түрмеде өтеу жазасы кесілді. Бірақ тергей келе алты айға қысқартылды. Бүгінде елдік пен ерлік, егемендік пен тәуелсіздіктің бастауына биыл 37 жыл толып отыр. Егемендігіміз баянды, аспанымыз ашық, көк туымыз мәңгі желберей берсін, - деді.

image-15-12-23-05-08

Желтоқсан оқиғасына куәгерлер тілектерін білдіріп, тамыры терең тарихқа шолу жасады. Шараға қатысушылар аудан көрсемөнерпаздары мен бірге "Желтоқсан жыры" әнін нақышына келтіре шырқады.

Г. Бөлешова,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале