13.05.2026, 20:00
Оқылды: 5

Дүрілдеген трактор, дүбірліген еңбек…

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов бүгін Сырым ауданы аумағындағы ауылдық округтерді аралап, көктемгі далалық жұмыстардың барысымен танысты. Аудан басшысы көктемгі науқанның қарқынын көзбен көріп, жергілікті диқандармен жүздесіп, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігіне қанықты.
IMG_0895
Диқаншылық дәстүрі қалыптасқан Шолақаңқаты ауылдық округі аумағында қазіргі таңда 20-ға жуық шаруашылық егін егу науқанын жүргізуде. Шаруалар биыл дәнді дақылдармен қатар мал азығын молайту мақсатында екпешөп егуге де ерекше мән берген. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
IMG_0882
Аудан әкімімен бірге іссапарға орынбасары Арман Гумаров, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, бөлім маманы Ахат Аралбаев, жер қатынастары бөлімінің басшысы Жанболат Мұхамбетжанов қатысты. Олар жер иелерімен кездесіп, егіс көлемі, техниканың дайындығы, тұқым сапасы және алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.
Шаруалардың айтуынша, сәуір айындағы жауын-шашын биылғы егістік алқаптарына мол ылғал беріп, жердің бабын келтірген. Соның нәтижесінде күздік бидай ерте көктеп, бой көтеріп келеді. Егіс алқаптарындағы жасыл желектің қанық түсі биылғы маусымнан мол үміт күттіретіндей.
IMG_0950
Айта кетейік, биыл Шолақаңқаты ауылдық округі, Алғабас ауылдық округі, Талдыбұлақ ауылдық округі, Аралтөбе ауылдық округі, Бұлдырты ауылдық округі және Жымпиты ауылдық округі аумақтарында барлығы 55 қожалық егін шаруашылығымен айналысып отыр.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале