Казталов ауданы, Бостандық ауылында 2011 жылғы түлектердің ұйымдастыруымен мектеп түлектері арасында ұлттық спортты ұлықтаған “TULEKTER CUP” арқан тартыс турнирі өтті.

Халқымыздың ұлттық ойындарының бірі – арқан тартыс бүгінде ауданымызда қарқынды дамып келеді. Әсіресе, Көктерек ауылының жігіттері мен Бостандық ауылының жігіттері түрлі жарыстарда топ жарып, аудан намысын абыроймен қорғап жүр.
Турнирге 1999-2018 жылдар аралығындағы мектеп түлектерінен құралған 13 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Айта кету керек, жастары 45-ке таяған 1999 жылғы ардагер түлектер де кейінгі буыннан қалыспады.
Ашылу салтанатында Бостандық ауылдық округінің әкімі Есбол Сақауов сөз сөйлеп, мектеп бітіргендеріне 15 жыл толып отырған 2011 жылғы түлектерге ризашылығын білдірді.

Турнир басталар алдында киіз үйде қатысушы командалар мектеп түлектерінің жұбайлары әзірлеген бауырсақ пен ақтан дәм ауыз тиіп, ауыл ақсақалының батасын алды.
Тартысты өткен турнирде І орынды 2010 жылғы түлектер иеленіп, 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. ІІ орынды 2011 жылғы түлектер (100 мың ақшалай сыйлық), ІІІ орынды 1999 жылғы ардагер түлектер (50 мың ақшалай сыйлық) қанжығасына байлады.
- Бұл жарысты мектеп бітіргендеріне 15 жыл толып отырған 2011 жылғы ұйымдастыруда. Турнир жоғары деңгейде өтті. Турнир арқылы түлектер арасында достық нығая түсті деп ойлаймын. Бүгін мықты дайындықтың арқасында бабымыз бен бағымыз қатар шауып, бірінші орынды иеленіп, ақшалай сыйлыққа ие болдық, - дейді 2010 жылғы мектеп түлегі Қайрат Науханов.

Марат Қасымов, 2011 жылғы мектеп түлегі, “Бостандық арландары” командасының мүшесі:
- Мектеп бітіргенімізге 15 жыл толуына орай ауылымыздың түлектері арасында арқан тартыс турнирін өткіздік. Бұған дейін ауылымызда түлектер арасында мектеп бітіргендеріне 15 жыл толған түлектер ауылымызға ешнәрсе ұйымдастырмады. Жарысымыз жақсы деңгейде өтті деп ойлаймын. Қолдау білдіріп жатырған құрдастарыма алғыс білдіремін. Мектеп бітіргенімізге 10 жыл болған кезде карантин уақытына келіп, ешнәрсе ұйымдастыра алмай қалған болатынбыз. Биыл құрдастарымызбен ақылдаса келе, ұйымшылдықпен арқан тартыс турнирін өткізейік деп шешкен болатынбыз. Сондай-ақ ауыл түлектері қашанда туған жерге жанашырлық танытып, игі істерден шет қалмай келеді. Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде, - деді.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы