13.05.2026, 12:15
Оқылды: 8

«Ана, отбасы, қоғам» – ұлт тәрбиесінің алтын діңгегі

Казталов ауданында Аналар күні мен Халықаралық отбасы күні аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Ана, отбасы, қоғам» атты аудандық аналар форумы жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол шараға аудан тұрғындары, ардақты аналар, әжелер алқасының мүшелері, жас отбасылар, қоғам белсенділері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

image-13-05-26-09-51-4

Сонымен қатар форум аясында ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қолөнер шеберлерінің ұлттық ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық бұйымдары, кесте жұмыстары, тоқыма өнері, әшекейлер мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін түрлі туындылары қойылды. Бұл көрме қазақ халқының бай мұрасы мен аналардың және мектеп оқушыларының қолөнердегі шеберлігін айшықтап, келген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Форумның шымылдығы ананың қоғамдағы орны мен отбасының маңызын бейнелейтін ерекше символикалық қойылыммен ашылды. Сахна төрінде бесік тербеткен аналардың бейнесі көрерменге терең ой салды. «Бесік жыры» әуенімен сахнаға ұстаз, дәрігер, кәсіпкер, сақшы бейнесіндегі жастардың шығуы — әрбір мамандық иесінің қалыптасуында ананың тәрбиесі мен отбасы жылуы жатқанын жеткізді.

image-13-05-26-09-51-1

Шара барысында диктор үнімен өрілген тағылымды ойлар ананың қоғамдағы рөліне ерекше мән берді. «Бесікте тербелген әрбір сәби — ертең бір қоғамды тербетеді» деген мазмұнды тұжырым форумның негізгі идеясын айқындап тұрды.

Жиын барысында аудан көлемінде ұрпақ тәрбиесі мен отбасы институтын нығайту бағытында еңбек етіп жүрген қоғамдық ұйымдардың жұмысы ерекше аталып өтті. Атап айтқанда, «Тоғжан» қоғамдық бірлестігі мен Жалпақтал аналар қоғамдық кеңесінің бастамаларына жоғары баға берілді. Және бұл форумныңда өтуіне тікелей себеп болған осы ұйымдар еді.

Форум аясында елімізге белгілі, қоғамда өзіндік орны бар спикерлер тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті. Батыс Қазақстан облысының іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы, БҚО әкімінің гендерлік саясат жөніндегі қоғамдық кеңесшісі Жансұлу Меңешқызы Төремұратова әйелдердің қоғамдағы көшбасшылық рөлі туралы мазмұнды баяндама жасады.

image-13-05-26-09-51-2

Сондай-ақ, ардагер ұстаз, «Ене тағылымы» кітабының авторы Тамара Нәбиқызы Сейтақова ұлттық тәрбие мен отбасы мәдениеті жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Кәсіпкер Нұргүл Әжібайқызы Ашикова әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі мен қоғамдағы орны туралы тәжірибесімен бөлісті.

image-13-05-26-09-51-3

Форумның рухани мазмұнын тереңдете түскен келесі спикер — сазгер, әнші-термеші Баян Құбайқызы Қабиева болды. Ол отбасы құндылығы мен өнер тәрбиесінің сабақтастығы жөнінде кеңінен айтып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Шара барысында көрермендерге «Қазақ қызы» сән көрсетілімі, «Ұршық биі», сондай-ақ халық әні «Сәулем-ай» ұсынылды. Өнер мен тәрбиені ұштастырған бұл көріністер форум мазмұнын айшықтай түсті.

image-13-05-26-09-51

Форумға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы Қайырлиев құттықтау сөз сөйлеп, отбасы берекесі мен аналардың қоғамдағы рөлінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген үлгілі отбасылар мен жетістікке жеткен балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, келген қонақтар арнайы марапатталды.

Тағылымды шара финалында орындалған «Жерлестерге тілек» әні форумның мазмұнын тереңдете түсіп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

«Ана, отбасы, қоғам» форумы — ұлт тәрбиесінің алтын қазығы саналатын отбасы институтының маңызын айқындап, ананың қоғамдағы биік мәртебесін дәріптеген мазмұнды әрі рухани маңызы зор басқосу болды.

 

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале