13.05.2026, 17:45
Оқылды: 9

Батаменен ел көгерер: Жалпақталда батагөйлер бақ сынады

Казталов ауданы, Жалпақтал мәдениет үйінде Халықаралық отбасы күні қарсаңында ұйымдастырылған «Ақ бата – асыл қасиет» атты аудандық батагөйлер байқауы жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол шараның басты мақсаты – қазақ халқының сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан бата беру дәстүрін насихаттап, кейінгі ұрпаққа өнеге ету, ұлттық рухани мұраны дәріптеу.

image-13-05-26-03-32-3

Шара барысында Казталов ауданының батагөй ақсақалдары облыс көлемінде топ жарып жүргені аталып өтті. Атап айтқанда, 2024 жылы Жаңатан ауылының тұрғыны Есмағұл Мусин ақсақалдың, ал 2025 жылы Қараөзен өңірінің тумасы Болат Оразайұлының облыстық батагөйлер байқауында топ жарып, аудан мерейін үстем еткені зор мақтанышпен айтылды.

image-13-05-26-03-32-2

Байқауға ауданның әр ауылдық округінен келген қариялар қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін қара өлеңмен, ән мәтінін өңдеу арқылы немесе әсерлі сөзбен таныстырса. Екінші кезеңде ел мен жерге, ерлер мен жас ұрпаққа арналған жүрекжарды баталарын ұсынды. Үшінші кезеңде жеребе арқылы түскен тақырыптарға байланысты алғыс батасы, сапар батасы, шаңырақ батасы, жарапазан батасы мен жастарға арналған баталарды сол сәтте орындап беру қажет болды.

Батагөйлердің өнеріне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Ғабдулханұлы, облыстық батагөйлер байқауының жеңімпазы Болат Оразайұлы және мәдениет саласының үздігі Анар Арманқызы баға берді.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы халқымыздың рухани болмысында батаның алар орны ерекше екенін атап өтіп, ұлттық тәрбиені дәріптейтін осындай тағылымды шаралардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, үлкеннің батасын алу – ұрпаққа үлгі, елдік пен тәрбиенің негізі екенін атап айтты.

image-13-05-26-03-32

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен ІІІ орын Қанат Тарғынұлына, ІІ орын Қамбар Ермеғалиұлына, ал І орын Ұзақбай Сейсенбайұлына бұйырды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан өзге қатысушылардың барлығына арнайы номинациялар табысталып, құрмет көрсетілді.

 

Ернәсіл Рысқалиев,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале