13.05.2026, 15:30
Оқылды: 12

Музейге заман жаңалықтарынан құр қалуға болмайды

18 мамыр - Халықаралық Музей күні

 

Музейі - тарихтың үйі. Ал, тарихтың тілі - жәдігерлер. Бүгінгі күні С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жаңа тыныспен қызмет етуде. 2025 жылы облыс музейлері арасында үздік атанған мекеменің меңгерушісі, өлкетанушы, “ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл” медалінің иегері Айнагүл Ойшыбаймен сұхбаттасқан едік. Кейінгі жылдары аудандық музейдегі жәдігерлер қоры 1000 данадан 6000-ға жетті. Бұл нені білдіреді?! Өңір тарихының беті қалыңдап келе ме?! 

IMG_0836

- Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі 1997 жылдары қоғамдық негізде бастау алған. 2004 жылы ҚР Халық Ағарту ісінің үздігі, қайраткер азамат Марат Қадыров бастамашы болып музейді жасақтап, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне бөлім ретінде қосып берген. Роза Жакиева мен Гүлшат Сәлімгереева музей қорын толықтыру жұмыстарын бастады. Біз - сол асыл істі жалғастырушылар ғанамыз.

Бір жақсысы ол кісілер музейге берген дүниелерді шашау шығармай жинапты. Біздер құжаттандырумен айналыстық.

IMG_0845

Мен аудандық музейге қызметке келген 2012 жылы бізде облыстық музейдің қорынан түскен 380 дей жәдігер болды. Музейдің жеке қоры болмады. Бүгінде экспонат саны 6500 - ден асып барады. Әр жәдігер - өз заманының тілі, дауысы. Әуел баста жәдігерлерді ауыл - ауылды аралап, үйлерден жинаған едік. Бүгінде адамдар өздері іздеп жүріп әкелетін болды. Оның үстіне жылма жыл «Музейге сый» акциясын өткіземіз. Түрлі экспедициялар да бізге жаңа жәдігерлермен толығуға мүмкіндіктер беруде. Қаншама ғалымдар арнайы келді, келген сайын үнемі музей қорына кітапханаларға түспеген жинақтарын сыйға беріп кетеді.

- Бұған дейін музей аудандық мәдениет үйінің ғимаратының бір қанатын “мекендеді” . Жаңа музей ғимаратына қол жеткізу – аудан тарихы үшін үлкен оқиға ғой. Осы жаңа кеңістіктің мүмкіндіктері қандай, енді халық пен жас ұрпаққа қандай тың жобалар ұсынбақсыздар?

- Жеке ғимараты болмай, жетімнің күйін кешкеніміз рас. Аудан басшылары аяқтай жұмыстанып, музейдің дербес ғимараты болуына үлкен септігін тигізді. Бүгінде екі бірдей ғимарат музейдің өз теңгеріміне алынып өз алдына мәдени нысан болды. Жаңа ғимараттың әлеуеті жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Экспозиция - музейдің жарқын келбеті болмақ. Адамдар жаңаны көрмекке ұмытылады, оның үстіне жол бойында тұрғасын, тарихқа қызығатын жолаушыларға да ыңғайлы болуға тиіспіз.  назарына бірден түсеміз. Музей тірі ағза секілді, үнемі жаңарып тұрмаса, келушілер жалығады.  Жұмыс жасауға қолайлы орта қалыптасып, толық жұмыс кабинеттері, оқу ағарту залдары, мәжіліс орындары келушілерге жайлылық береді.

IMG_0846

Биыл «Ауылдан музейге» жобасын бастадық. Округ әкімдері өздерінің ауылдарындағы үлкен кісілерді, ауылдан шыға бермейтін адамдар мен көп балалы ата аналарды, мекемелердегі кіші қызметкерлерді әкелу жобаның басты талабы болмақ. Сол арқылы музейге деген қарапайым ауыл тұрғындарының қызығушылығын арттыру басты мақсат болып табылады. Оның сыртында  түрлі жарыстар, байқаулар, кешкі музей, «Музей түні», «Музейге сый» акциялары жалғасатын болады. Музейдің әр шарасы келген адамдарға тиімді ақпарат беріп, рухани азықпен қамту - негізігі қызметіміз.  Сондықтан, музей мамандары үнемі ізденіс үстінде.

- Сіздің жетекшілігіңізбен ғылыми зерттеу жұмыстары жанданып, музей жанынан тарихи анықтамалықтар мен ғылыми баяндамалар жинақтары жарық көрді. Өлке тарихын зерттеуде қандай тың деректер мен жаңалықтар табылды?

- Музей түрлі ғылыми практикалық конференциялар мен тарихи – танымдық экспедициялар өткізді. Себебі бізге тәжірибе мен ғылыми кеңістік керек. Музейдің бай қоры бірнеше кітаптар шығаруға арқау болды. Экспедициялардың арқасында бірнеше рет РФ астанасы - Мәскеуге, Алаш тарихының тірі музейі - Семейге, Сырым батыр жатқан Өзбекстан Республикасы, Гүрленге сапарлар жүзеге асты.  Әр  сапар сайын тың деректер мен жаңалықтар шығады алдымыздан. Солардың ішінде Жаһанша Досмұхамедовтың жерленген жері анықталып, оның дипломдық жұмысы табылды.  Тұрған үйін көріп, жерлеген жеріне зиярат еттік, ұрпақтарының баруына себепші болдық. Алаш тақырыбына қатысты бірнеше жақсы жинақтар жарық көрді. Сырым Датұлын зерттеу түсуге тиіспіз. Абдолла Жұмағалиевке қатысты деректер де жаңалануда. Оның неміс қолына қарсы қайрат көрсетіп, өр ерлікпен өртеніп өлген жерін анықтадық. Абдолла туралы бізге мәлім деректерді Мәскеу облысы, Волокалам Кремлі музейіне тапсырдық.

IMG_0843

- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жариялады. Осы бастама аясында музей ісіне жасанды интеллектіні енгізу мүмкін бе?

-Музейге заман жаңалықтарынан құр қалуға болмайды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану музейі бүгінде электронды каталогтарын дайындап жатыр. Оған біздің музей де кіреді. Сақтау қосымшасы арқылы музей қорларын электронды нұсқада сақтау жұмыстары жыл басынан басталып  кетті.  Музейдің виртуалды әлемі әдемі көрінетіні рас, бірақ көзіңмен көргенге жететін құндылық жоқ.

IMG_0839

- Сырым аудандық музейінің алдағы жылдарға қойған мақсаты қандай?

- Сырым музейі тек жәдігер сақтайтын орын емес, ол түрлі алаңдар орталығы, тарих сапарына шыққан адамға таптырмас шамшырақ. Музейіміз жылына екі жарым мың адамға қызмет көрсетеді. Алдағы межемізде музей қорындағы материалдарды пайдаланып, арнайы кітаптар сериясын шығарсақ. Келушілерді екі есеге арттырып, түсетін қаражатты көбейтуге тиіспіз.  Әр тұрғын өзінің ұрпағын музейге әкеліп, қонағына ауданын көрсету үшін музейден табылып,  жанашырға айналу керек.  Ұстаздар ашық сабақ беру үшін музейге келсе, студент дипломдық жұмысын жазу үшін музейге келсе, әрбір той жасаған қазақ құдаларына елді көрсеткісі келсе музейге келсе - біздің межеміздің орындалғаны. Музейді тек аудан көлемінде ғана емес алыс - жақын шетелдерге таныту үшін мақсатты жоспар белгілеп отырмыз.

Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале