20.04.2021, 12:09
Оқылды: 91

Егемен еліміздің сүйегіне таңба болған тас белгі кімге керек?!

Теректі ауданының Шаған ауылдық округіне қарасты Жаңаөмір ауылы тұсындағы мына ескерткіш облыс көлемінде үлкен «танымалдыққа» ие. Олай дейтін себебіміз, ескерткіштегі жазу ақылға қонымсыз болғанымен, оны құлатып орнына өзге дүние салуға, я болмаса түгелдей орнын «жылан жалағандай» етуге ешкімнің қауқары жетпей тұр. Аудандық газеттің журналистері былай тұрсын, бұл ескерткіш хақында ақыны да, тарихшысы да жазып келеді. Бірақ осы тас міз бақпастан орнында тұр. Енді облысымызға танымал ақын, жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда әлеуметтік желі арқылы дабыл қағып, жергілікті әкімдіктен бір шара қолдануды сұрайды. Автордан рұқсатымен аталмыш жазбаны аудан айнасында да жариялауды құп көрдік.

2766BA6D-2C7D-405F-B0F7-3381BE645A94

 - «Осы тас ескерткіш жайлы талай жаздым, теледидарға түсірдім, бірақ нәтиже жоқ. Тәуелсіз елдің саясатына мүлдем қайшы, ата тариxымызға балта шауып, қасиетті жерімізді таптап, отарлаушылардың сасығын көңірсіткен бұндай тас тақтаның заманы өткелі қашан? Оралдың маңызды жолының бойында сонау 1954 жылдан бермен міз бақпай тұр. Тастағы жазуды оқып, ойланар, арланар адам болмағаны ма сонда? Теректі ауданының Шаған совxозының тариxы деп бағалайды ма екен? Қазір совxоз деген бар ма? Келмеске кеткен Кеңес Үкіметінен қалған белгіні осынша жылдар бойы не үшін сақтап отыр? Бұл кімге керек? Азат Алаш елінде мұндай тотолитарлық кезеңнің саясатын еске түсірер ескерткішке орын жоқ екенін тағы айтамын! Мұны тарихи ескерткіш, құндылық деп қарауға болмайды, сөздің мағынасын қараңыз, ұғып оқыңыз, ар-намысыңызға тиеді. Бізге дейін бұл даланың ешкім мазасын алған жоқ, біз келіп дүр сілкіп, ояттық, отар-отар қой мен киіз үйлердің орнына келмеске кеткен коммунистік партияның еркімен, комсомол жастардың қолымен совхоздар мен қалалар салдық деп қазақ халқының надан санайды. Сізге осы қалай? Нағыз тарих үшін керек болса, фотосын музейге сақтасын, әлде жазуды қызылмен айқыш-ұйқыш сызып, мұның жанына тәуелсіз еліміздің келбетіне сай және бір ескерткіш орнатсын, билборд болса да! Ал мына таста қазақты адам еткен орыс империясы деген леп ап-айқын есіп тұр. Астыртын болса да, тастағы сөздің түп-төркіні осы» дейді Мұнайдар Балмолда.

E7B67356-5CC7-45DD-9994-C61F38B9A850

 Әділет Орынбасарұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале