13.07.2022, 9:30
Оқылды: 29

Егіннің кепілі – әуелі еңбек, сосын технология

Мамырдағы жауын-шашын саябырласымен сырымдық шаруалар көктемгі далалық жұмыстарға Ыбырайша айтқанда «қойға шапқан аш қасқырдай» кірісті. Уақытты қуып жетпесе, ширақтық танытпаса болмайды. Әрі «Берген алар, еккен орар» деген атаның нақыл әрі ақыл сөзі тегін жатқызсын ба?

IMG_6003

Қыста қар қалың болды әрі көктемде ылғалдың мол түскені көп шаруаның көңіліндегі үмітті оятты. Биыл жазғытұрым Сырым ауданы бойынша 34 шаруашылық құрылымы 16 490 га жерге егіс екті. Жіктер болсақ, жер-ананың жатырына 5280 га дәнді дақыл, соның ішінде 2405 га жаздық бидай, 2 225 га арпа, 450 га тары және 200 га құмай дәні салынды. Майлы дақылдың көлемі 9 292 гектар. 3 407 га алқапқа күнбағыс және 5 885 га мақсары шашылды.

Ауданда малға азық екпешөптің де көлемі артып келеді. Биыл 1 918 гектар жерге құнарлы шөп егілді. Біржылдық судан шөбі 1 593 гектарды, ал көпжылдық шөп 325 гектарды құрап отыр. Бұйырса алқаптардан аулаларға бума-бума шөп аттанады.  Көктемгі далалық жұмыстарға 183 тұқым сепкіш, 2 егін егу кешені, 63 агрегат пен 105 адам қатысты. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл көктемгі егіс былтырғы межеден асып, 152,4 % - ға, ал мал азықтық біржылдық судан егімі 157,3 % - ға орындалып отыр.

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің маманы Ахат Аралбаев аудандағы іргелі шаруашылық «Жібек жолы» қожалығының да көрсеткіштерін жолдаған.  «Жібек жолы» биыл 2682 га жерге егіс салған. Дәнді дақылдың алуан түрі бар. Арпа 500 га, тары 430 га, ал құмай 100 га жерді құрады. Майлы дақылдың үлесі артықтау - 1352 гектар. 907 гектарға күнбағыс, 445 гектарға мақсары және 300 гектар жерге біржылдық судан шөбі егілді.

Егіннің кепілі – әуелі еңбек, сосын технология. «Жібек жолы» технологияға басымдық беру керектігін түсініп отыр. Дақылдардың тұқымын зиянкестерден қорғау үшін улау әдісі қолданылды. Күнбағыс алқабы екі мәрте қопсытылып, (культивация) минералды тыңайтқышпен азықтандырылды. Дәнді дақылдарды шалғын көбелегі мен астық қоңызына қарсы улау үшін «Мактоксин» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, жұмыстар жүргізді. Шаруашылық келер жылдың егісіне жер жыртып, алқап дайындап қойды.

  Диқандар ауылы - Талдыбұлақ ауылдық округі бойынша биыл 11 шаруашылық құрылымы 5 798 га жерге дән салды.

     Көктемгі далалық жұмысқа үкіметтен арзандатылған жанар-жағармай ұсынылуда. Жауапты оператор «NEFTEK Operating» ЖШС арқылы 400 тонна дизель отынын 26 шаруашылық құрылымы тұтынуда. Жанар-жағармайдың 1 литрі 188,5 теңгеден сатылуда.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале