Еңбек өмірбаянын, яғни күш-қайратқа толы жылдарын ауыл-еліне сарқа жұмсап, «Елге болсын» деген ниетпен маңдай терін сыпыра қызмет жасаған Болат Қалиұлы, міне, 70 жасын қарсылап отыр. Айналаға алдыңғы буын парасатының нұрын шашқан жақсы ағаға алғаусыз ниеттен ақтарылған осы мақалада оның білім мен тәрбиеге арнаған қажырлы еңбегін баян етпекпіз.
Тамырын туған жерде жайған – Болат Дошаев туралы ой толғасақ, ең алдымен жадымызға келетін сипат осы. Себебі ол кіндік қаны тамған ауылынан алысқа жырақтамай, осындағы балалардың білім алуына еңбек етті. Зейнетке шыққасын да, өзгелер құсап, жақсы өмір іздеп, қалаға қоныс аударған жоқ. Әлі сол Тайпағында, бұрынғыдай мектепте болмаса да, ардагер-ұстаз ретінде жастардың тәрбиесіне өз үлесін қосып жүр. Сәл кейінге шегініс жасап, ғұмырдарияға бір шолу жасап қайтсақ.
... 1977 жыл. Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірген жас педагог Болат Қалиұлы жолдамамен өзі білім алып, ересек өмірге қанаттандырған Краснояр орта мектебіне (қазіргі Хиуаз Доспанова атындағы) жұмысқа орналасады. Сөйтіп, жүрегі қалаулы мамандығы бойынша, яғни бала жанының бағбандығына кірісті. Осылайша ол өзіне дәріс берген ардақты мұғалімдерінің әріптесіне айналды.
Балаға білім беру бір басқа болса, ал оған уақыт талабына сай тәрбие беру тіршілікпен түптес тамырлы жайт. Сондықтан да мұғалім еңбегі дүниедегі ең ауыр, ең жауапты саналады ғой. Айта кету керек, ұстаздардың үлкені де, өз қатарластары да әркез жас маманның қасынан табылып, оның педагог ретінде кемелденуіне сүбелі үлес қосты. Сөйтіп, алғашқы мұғалімдік жолын бастаған мектебі өз үйіндей болып кетті. «Жақсы адамға мың кісілік орын бар» деген халық қағидасын осындайда айтқың келеді-ақ.
Күні кеше еңбектегі алғашқы қадамын бастаған Б.Дошаевтың алғырлығын, кәсіби шеберлігін оның өмірбаянын шолып өтсеңіз, анық байқайсыз. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, алдына келген шәкірттер мінезі де сан түрлі. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, санада салмақтау керек. Жас оқытушы үнемі оқуды, озат тәжірибеге ден қоюды, бала алдындағы жауапкершілікті терең түсінуді ұмытқан жоқ. Әр сабағына тиянақты ізденістің қажет екенін санасына бекем түйді. Тарих – терең зерттеуді қажет ететін пән, сондықтан оқулықтарға қосымша көмекші әдебиеттерді үнемі парақтап жүретін. Аз ғана уақыттың ішінде жас ұстаз ауданымыздағы озат мұғалімдердің іс-тәжірибесінен үйреніп, шәкірттерге берер тәрбиенің сан тарау жолына бойлады. Жас ұрпақ бойында отаншылдық қасиет жарқыраса деген тілегі үстем шығатын.
Тап осы талпыныс, артылған салмақты міндеттің үдесінен шығуға құлшыныс Б.Қалиұлын жан-жақты, таным көкжиегі кең, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары маман екенін бек аңғартты мектеп басшылығына. Жұмысқа кіріскеніне бір жыл болуы сол-ақ екен, ол мектеп директорының орынбасары тағайындалды.
...1983 жыл. Болат Дошаевты енді аудандағы саяси-қоғамдық қызметтерге шақыра бастайды. Осы жылы ол Тайпақ аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне меңгеруші болып тағайындалып, үш жыл өткен соң, халық депутаттары Тайпақ аудандық атқару комитетінің хатшылығына сайланады. Мұнда да бар күш-жігерін салып еңбек етті. Басқарушылық салада тәжірибесі молыға түсті.
Сол кездегі билік басындағы азаматтардың істе жауапкершілігі тіптен ерек еді. Олар тұрғындардың мүддесіне байланысты шаруа атаулыға талапшыл болатын. Ел ағаларының іскерліктері мен беделі талай сындарлы сәтте Б.Қалиұлы сынды жас қызметкерлерге пана болды. Ол үгіт-насихат жұмысына көңіл бөліп, халықтың саяси білімін көтеру, елдегі тірліктен жұртты хабардар етуді мақсат тұтты.
Еңбек баспалдағының алғашқы сатысынан-ақ ерен іскерлікке шыңдалған кейіпкеріміз 1989 жылдан 1995 жылға дейін аудандық білім бөлімін басқарды. Қарап отырсақ, қайта құру мен егемендігіміздің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген екен бұл қызмет. Кеңестік үрдістен ауытқып, ұлттық тәрбиеге ден қойған кезіміз еді. Әрине, бір қоғамдық формациядан екіншісіне ауысу білім саласына да әсер етпей қоймады. Елдегі қаржылық дағдарыстың салқынын мектептер ең алдымен сезінді. Мұғалімдер айлап, жылдап жалақы ала алмай, мектептердің жағдайы тіптен нашарлады. Осы қиын-қыстау кезеңнен кейіпкеріміз білім саласын абыроймен алып шықты. Аудандық білім бөлімі облыс деңгейінде облыста үздік бестіктің қатарынан көрініп, жоғары оқу орындарына түскен түлектердің қатары қалыңдады. Тірлік қалыпқа келе бастаған уақытта, бөлім басшысының ықпалымен ауданда жаңа мектептер, мектептен тыс тәрбие ошақтары, демалыс орындарды ашылды. Атап айтсақ, солардың қатарында Калмыков балалар саз мектебі, балалар спорт мектебі, Атамекен, Қадырқұл, Қызылжар негізгі мектептері мен Атамекен ауылының аймағынан жазғы лагерь бар.
Осындай қажырлы қызметтің бағасыз қалуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Болат Қалиұлына «Білім озаты» төсбелгісі табысталды.
...1997 жыл – Чапаев және Тайпақ аудандарының негізінде Ақжайық ауданының құрылған тұсы. Еңбегі елеулі, халық арасында беделі жоғары азаматтың іскерлігі қос ауданның басын біріктірген осы кезеңде ауадай қажет болатын. Ол аудан әкімінің қолдауымен өз ашылуына ықпал еткен жаңа білім ордасы Тайпақ мектеп-гимназиясына директорлыққа тағайындалды. Ұрпақтың ұлағатты тәрбиесіне арнаған тағы 10 жыл осы мектептің қабырғасында өтті.
– Болат Қалиұлы – жан-жақты педагог, шапағаты мол жан. Шын мәніндегі ұстаз, білікті басшы. Ойын ақтара салмай, асықпай сөйлеп, түп-төркінін жеткізе біледі. Ұстамдылығы бір төбе. Табиғи қалыпты берік ұстанған, көпшілікке ой тастай білетін, жастарды еңбекке, адамгершілікке, ұлттық тәрбиеге бағыттап жүретін ақылман. Басшы ретіндегі талапшылдығы жөнінде біраз әңгіме айтуға болады. Оқушылардың алдында біздің үлгі болып жүргенімізді талап ететін. Киім-киісіміз, жүріс-тұрысымыз, мінез-құлқымыз – осының бәрі байқампаз басшының назарынан тыс қалмайтын, – дейді осы мектеп-гимназияда бірге әріптес болған Бибігүл Жұмағұлова, – Оның ұжымды бір мақсатқа жұмылдыруға қабілеті ерек-тұғын. 2001 жылдың жазы сол кезде мектепте жұмыс істеген мамандардың бәрінің есінде. Азып кеткен балабақшаның ғимаратын мектеп-гимназияға берді. Сол кезде Б.Қалиұлы бәрімізді жинап алып: «Жаңа ғимаратқа бөлек отау тігіп шыққалы тұрмыз. Балаларға жарық, таза орын керек. Өзіміз де еңбек ететін жер. Сондықтан жазғы демалыста бәріміз жұмылып, мектебімізді жөндеп алсақ», – деген ұсыныс-тілегін ортаға салды. Қазір ғой, әркім өз сылтауын айтып, қоғамдық осындай жұмыстан жалтарып шыға келер еді, ал біздің бәріміз де келістік. Басшымыз бастап, қалғанымыз қостап, үш айдың ішінде күрделі жөндеуден өткізіп, Білім күні оқушыларымызды сыңғырлаған ғимаратта қарсы алдық.
Елге еңбегі сіңген азамат десек, әдетте оның өмір жолын баян етеміз ғой. Өмір жолы демекші, Болат ағаның ізін қуған, алдынан білім алып, шыңдалған бір топ іні-қарындастары қазір еліміздің әр түкпірінде адал еңбек етуде. Сондай жандар өздерін «біз Болат ағайдың шәкірттеріміз» деп мақтана айтып жүреді.
– Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан ұстаздықты жүректің батырлығы деп бағалайды. Болат Қалиұлы сонау 1997 жылы мектеп-гимназиясы ашылғанда, бізді осы білім ордасының 7 сыныбына қабылдады. Ол бізге тарихтын қыр-сырын әбден түсіндірді, саясаттың маңызды жаңалықтарын үздіксіз жеткізіп отыратын. 2006 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетін бітіріп келгенімде, шебер басшы мектепке қызметке шақырып, маған педагогикалық әдістерді үйретті, жетеледі, кәсіби тұрғыда дамытты. Қазір өзім 18 жыл еңбек өтілім бар, педагог-зерттеуші санатына көтерілдім. Информатика пәні мұғалімі болып қалыптасуыма Болат Қалиұлының ықпалы зор болды, – деп Еркебұлан Өмірзақов шәкірт ретінде де, әріптес ретінде де риясыз ризашылығын ақтарады.
...2007 жыл – Б.Дошаев өзі алғаш еңбек жолын бастаған Краснояр мектебіне басшы болып қайта оралады. Осы кезеңдегі ағаның өлке тарихын түгендеу, ауылдың даңқты азаматтары: Ұлы Отан соғысына қатысушылар, тылда еңбек еткендер, өлкенің дамуына қалтқысыз қызметін арнағандар, өнер мен мәдениетін өрлеткендер жөніндегі ізденісін, зерттеу жұмыстарын ерекше атап өту керек. Ол тек өзі бұл іспен айналысып қоймай, шәкірттерін де атамекеннің тұнған шежіресін зерделеуге үйір қылды. Осылайша ұстаздың тынымсыз ізденісінің арқасында мектепте өлкетану мұражайы ашылды.
Кейіпкерімізді жерлестері жақсы атты көрінуді мұрат етпейтін жан ретінде біледі. Ақжайық ауданының құрметті азаматы атанған оның қандай да қоғамдық тапсырмалардан бас тартқан кезі болған жоқ. Зейнетке шыққалы міне, 7 жыл, осы уақыт аралығында еліміздегі ортақ қам-қарекеттерді, саяси науқандарды ұйымшылдықпен өткізуді әрдайым парызы санап келе жатыр. Оған облыс, аудан басшыларынан алған марапаттары, «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалі дәлел.
Иә, тумысында халықпен бірге болып, ел алдындағы міндеттерді ойдағыдай атқаруда осылай олжа салған Болат ағамыздың өнегелі өмірінің өткелдері – біздің бір ортақ қазынамыз.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы