20.05.2023, 19:13
Оқылды: 29

Ел анасын еске алды

Жаңақала ауданында халық емшісі, ел анасы, көптеген сәбилердің өміріне араша болған ер мінезді, өжет, қайсар анамыз Самиға Жұмағұлқызын еске алуға арналған тоғызқұмалақтан жасөспірім ұлдар мен қыздар және ардагерлер арасындағы жекелей аудандық ашық турнир өтті.

IMG-20230520-WA0118

Шараға аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Батыс Қазақстан облысы тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Данияр Орынбасаров, Жаңақала аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Есекенов, «Рашидов» шаруа қожалығының директоры Азат Рашидов, аудан ақсақалы Айтуған Шарафуддин, команда жетекшілері мен жаттықтырушылары қатысты. Жарысқа Ақтөбе, Атырау облыстары, Орал қаласы, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық, Тасқала, Жаңақала аудандарының командаларынан 120 оқушы бақтарын сынауда.

Жарыстың бас төрешісі біліктілігі жоғары деңгейдегі, жоғары санаттағы жаттықтырушы ҚР Ұлттық дәрежедегі төрешісі Қайрат Шаутенов.

Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы құттықтау сөз сөйлеп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

IMG-20230520-WA0123

Тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Данияр Исламғалиұлы жарысқа демеушілік көрсетіп жүрген «Рашидов» шаруа қожалығының басшысы Азат Лаврұлын арнайы алғысхатпен марапаттап, алғысын білдірді.  Астанада тұңғыш рет өткізілген мектеп оқушылары арасындағы тоғызқұмалақтан олимпиадалық жарысында командалық есепте Батыс Қазақстан облысының намысын абыройлы қорғаған өрендері: Нұрберген Түсіпқали, Нұрәлі Арматұлы, Әнуар Қайырбекті марапаттап, ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Ауданымыздың ақсақалы Айтуған Ғайнеденұлы анамыз жайлы естелік әңгімесін айтып, ұрпақтарына көңілін білдіре кетті. Самиға Жұмағұлқызының кенже ұлы Болатбек Жұмағұлов құттықтау тілегін білдіріп, келген қонақтарға алғысын айтты.

 Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Темірлан Сыралиев күймен көмкерсе, Ақжайықтың айтыскер ақыны көптеген әндердің авторы, жерлесіміз Орынбек Меңдіқұлов арнау арнап, кештің ажарын айқындай түсті. 

IMG-20230520-WA0107

Кеш соңы тоғызқұмалақшыларға  сәттілік тілеп, естелік суретке түсіп, жарыс жалғасуда.

Елдің алғысына бөленген аяулы ананың бейнесі кейінгі ұрпақтың есінде мәңгі сақталады.

Аруғаным Берікқызы,

Жаңақала ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале