17.02.2022, 18:01
Оқылды: 88

Ел біріншілігіне жолдама алды

Жаңақала ауданында ұлттық ойын - тоғызқұмалақтың даму деңгейі жоғары екенін оқырмандар жақсы біледі. Барған жарыстарынан жүлдесіз қайтпайтын Қайрат Шаутенов баптайтын жас спортшылар бұл жолы да мерейімізді асқақтатты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қаласында тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысы жастары арасында жекелей чемпионат өтті.

Ел біріншілігіне жолдама алды (5)

Бұл жарысқа Орал қаласы, №1 ЖОББМ, №2 БЖСМ, «Санжар» интеллектуалдық спорт мектебі, Бөрлі, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Тасқала, Шыңғырлау, Жаңақала аудандары қатысты. Үш күнге созылған ақыл-ой додасында 19 жас ұлдар арасынан Бекнұр Тұрсынбай қола жүлдені қанжығасына байлады. 19 жастағы қыздар арасынан Жаңақала спорт мектебінің түлегі Ақгүл Бауыржанқызы қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. 21 жастағылар арасынан Нұрберген Түсіпқали (Жаңақала спорт мектебінің түлегі) алтын жүлдеге ие болса, Бейбарыс Жолдасқали күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ел біріншілігіне жолдама алды (3)

- Шәкірттеріме ризамын, жастары кіші болса да, үлкендермен иық тіресіп, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бұйырса, 24-31 наурыз күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін республикалық жарыста облыс құрамасының намысын қорғайтын болады. Жарыстардағы әр жетістіктің артында тынымсыз еңбек, көп ізденіс, үздіксіз дайындық жатыр. Жаңақала ауданының тоғызқұмалақшылары облысымызда үздіктердің қатарында деп нық сеніммен айта аламын. Сол деңгейден түсірмеуге жұмыстана беретін боламыз, - дейді тоғызқұмалақ бапкері Қайрат Маратұлы.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале