27.07.2021, 10:16
Оқылды: 112

«Ел үшін қызмет ету - үлкен мәртебе»

25 шілде елімізде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Жаңақазан ауылдық округінде халық өз таңдауын жасады. Ауыл халқының таңдауы Әлібек Лұқпановқа түсіп, дауыс берді.  Бізде су жаңа әкіммен тілдесіп, сайлау науқанына қатысты бірер сұрақтарымызды қойып, ойын білген едік.

Әлібек

- Кешегі тарихи сәтте халықтың сеніміне ие болдыңыз. Құтты қызмет болсын! Сайлау барысы қалай өтті?

- Биыл ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын. Осыған сәйкес ауыл тұрғындары өз әкімдерін өздері сайлауға мүмкіндік алды. Сайлау барысы өте жақсы өтті. Ешқандай құқықбұзушылықтар, келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ. Халықтың емін-еркін келіп, өз таңдауын жасауына барлық мүмкіндік қарастырылды. Халық сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады.

- Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- Сайлауалды бағдарламамдағы жұмыстарды толықтай атқарып,  алға қойған мақсат-жоспарларымды орындау. Сондай-ақ жұмыс барысына кіріскеннен кейін әрі қарай ауылды көркейту бағытында жүйелі жұмыстар істеп, елде шешімін таппай жүрген мәселелердің шешімін табуға, елім үшін қызмет етуге барымды саламын.

- Биылдан бастап ауылдық округ әкімдерін халықтың өзі сайлап жатыр. Саяси науқандағы ерекшелікке көңіліңіз тола ма?

- Алғаш рет елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы халықтың қатысуымен және өз таңдауымен ерекшеленіп өтті. Сайлау науқанында халықтың белсенділігі жоғары болып, сайлаудағы бақылаушылар да өз қызметтерін жақсы атқарды. Жаңа жоба халық үшін өз таңдауын жасауға үлкен мүмкіндік берді. Тарихи күнде ауыл әкімін сайлау халық үшін маңызды болды деп есептеймін.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале