13.07.2022, 10:15
Оқылды: 73

Елдос Тоқтарбай: «Жымпитыны көру - борыш»

Жуырда Сырым ауданына есімі елге белгілі балалар жазушысы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай келді. Қаламгер Жымпитыдағы Алаштың ағаш үйіне арнайы аялдапты. Кейін біздің өлкенің тарихи ерекшелігін тілге тиек етіп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған. Елдос Тоқтарбай Жымпиты жайлы не деді?

292757880_1991994707660929_3615779757126262534_n

Көрнекті сөз зергері Әнес Сарай «Алаштың табаны — Торғай, өзегі — Семей, жұлыны — Жымпиты» дейтін. Міне, сол Алаш оқығандарының ізі қалған, мемлекетіміздің іргетасы саналатын тарихи Үкімет үйіне (Бүгінгі Алаш музейі) кіріп шықтым. Бұрын екі рет келгенмін. Осы жолғы алған әсерім мүлде бөлек. Себебі — музей экспозициясы жаңа реставрациядан өткен екен.

Музей жаңа да құнды экспонаттармен толығыпты. Алаш заманының, ХХ ғасыр басындағы атмосфера мен аураны беретіндей жағдай жасалған екен.

Музей жетекшісі Айнагүл ханым (С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры – ред.) біраз жаңалығымен бөлісіп, қуантып қойды. Бұл үйде Халел мен Жаһанша бастаған ағалар ел қамын, жұрт ісін көтеріп, Алаш мүддесін қорғап еді! Бұл үйде ел ағалары қара халықтың азып-тозып кетпеуін ойлап, өздерін өлімге де қарсы қойып еді! Бұл үйде болған әр жанның арманы — еркіндік пен бостандық еді!

Оралға жолың түссе, Жымпитыны көру, музейін аралау, тарихи мешітінде шүкіршілік ету — парыз, парыз ғана емес борыш. Сондықтан достарым, Жымпитыны көру бақытын бәріңе тілеймін! Бұл — Алаштың қаласы! Бұл — еркіндік шаһары!

Жасасын, Алаш, жасасын!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале