7.02.2022, 16:00
Оқылды: 73

Электр желілері жаңартуды күтеді

Теректі ауданында аудан және округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері өтуде.

IMG-20220204-WA0038

Бұған дейін, 1 ақпаннан бастап ауылдық округ әкімдері өз әкімшілік бірлігі аумағындағы шағын елді мекендерде халық алдында есеп ұстаған болатын. 4 қаңтар күні аудан әкімінің есеп беру жиындары басталды. Бір күн ішінде үш жерде – Шағатай, Ақсоғым, Ақжайық округтерінде болған аудан әкімі Тілек Габдушев аудан көлемінде атқарылған істерден есеп беріп, халықтың ұсыныс-тілегін тыңдады.

Шағатай округі орталығы – Шағатай ауылында өткен кездесуде округ әкімі Оразбек Құсайынов 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асқан жобалар мен жалпы округ бойынша жасалған жұмыстарды баяндады. 4 елді мекенде не бәрі  1669 адамы бар округте халық негізінен малмен күн көреді. Дегенмен жекенің мал бағымын ұйымдастыруда кемшін тұстар бар. Және де жайылымдық жерді кеңейту, мал дәрігерінің жетіспеушілігі жайлы тұрғындар сөз қозғады.

Ақсоғым ауылдық округінің әкімі Мүфтах Дүйсенғалиев әр сала бойынша жасалған жұмысты саралап, нақты сандар көрсете отырып берген есептік баяндамасы соңында биылғы жоспарын айтты. Округ әкімінің жоспарында  Ақсоғым ауылына «Билайн» ұялы байланыс мұнарасын орнату бар екен.

Бұдан басқа, Ақсоғым аумағында биыл іске асатын игілікті істер ішінде Барбастау-Индер трассасынан Ақсоғым ауылына дейін 7 км. кіреберіс жол құрылысы жұмысын жүргізу, Бозай ауылына ауылішілік газ трассасына тұрғын үйлерді қосу қаралған. Ал, Үлкен Еңбек ауылы тұрғындарына үш бірдей жақсы хабар бар: ауылда негізгі мектепке, медициналық пунктке  жаңа ғимарат салынады, ең бастысы, «Ақбұлақпен» таза су келеді.

Осындай қуанышты жаңалықтарға кенелген халық аудан әкіміне өз базына-шағымдарын да жеткізді.

Ақжайық округінің орталығы – Ақжайық ауылындағы есептік кездесу мәдениет үйінде жайылған көрмеден басталды. Аудандағы шаруасы берік округтің де, «Үздік ауыл» аталымын иеленген ауылдың да мақтана көрсетері бар. Округ әкімі Болат Қадырәлиев өзінің есептік баяндамасында әр сала бойынша атқарылған істерді тізбектеп берді. Бір жылдың ішінде 41 адам 21 млн 637 мың теңге көлемінде грант алып, өз ісін бастаған екен. Жақсы көрсеткіш.

Округте биыл да жақсы істер жоспарланған. Мәселен, Абай және Талпын ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су өткізіледі екен. Ақжайық ауылындағы Насимуллин және Бейбітшілік көшелері жолдарын күрделі жөндеуден өткізу де қаралған. Бұлардан бөлек,  «Санаторий Ақжайық» ауылына балалар алаңын, Талпында саябақ пен спорт алаңын салу да жоспарда бар. Халықтың сұранысы – Ақжайық ауылында спорттық кешен салу.

Үш округте халық көтерген мәселелерге келсек, жайылым, бұралқы иттер көптігі, жол жайында айтылды. Шағатай мен Ақсоғым округтеріне ортақ кемшін тұс – тозығы жеткен электр желісі жаңартуды күтеді.

Аудан әкімінің есептік сапарының алғашқы күні осылай өтті.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале