22.09.2023, 22:03
Оқылды: 128

Еліне сыйлы еңбек адамдары

"Еңбек ет те егін ек, жарымасаң маған кел, Белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел" деген қанатты сөз бар. Қайсыбір заманда болмасын, еңбектің адам өміріндегі рөлі ешқашан төмендемек емес. Себебі, адамзат баласын алға жетелеп, қоғам өміріндегі қозғаушы күшке айналып отырған ол – еңбек. Ел арасында бел жазбай еңбек етіп, соның бар зейнетін көріп отырған қарапайым еңбек адамдары аз емес. Таңмен таласа тұрып, кеш батқанша қыбырлаған, тіршіліктің түйінін төккен терден, еткен еңбектен тапқан жандардың шоғырланған жері – Казталов ауданына қарасты Бозоба ауылы.

WhatsApp Image 2023-09-22 at 19.20.57

Аты аталған ауылда алдына біткен бар малын баптап, бар тіршілігінің берекесін келтіріп, бейнетінің зейнетін көріп отырған отбасылар жетерлік. Солардың бірі – қарапайым еңбек адамдары ерлі-зайыпты Талғат Құспанов пен Мариям Құспанова.

WhatsApp Image 2023-09-22 at 19.21.28

Өткен ғасырдың 84 жылында шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылардың әр таңы еңбекпен өріліп, әр күнінің кірпіші еңбекпен қаланған.

WhatsApp Image 2023-09-22 at 19.21.29

Отағасы кеңшарда трактор мен комбайнды тізгіндесе, отанасы бригада жұмысшыларына тамақ пісіретін аспаз қызметін атқарған. Кейіннен кеңшарлар таратылған соң Мариям апамыз Бозобадағы кеңседе еден жуушы болып жұмыс жасаған. Ал Талғат ағамыз өз көлігімен жолаушы тасымалдап, отбасының нәпақасын тауып, еңбек еткен.

Шаңырақтың отағасы Талғат ағамыз техниканың тілін жетік меңгерген, сөзі мен ісі бір арнада тоғысқан, табанды еңбекқор жан. Елдің алғысын арқалаған ағамыз бүгінде қарашаңырақты құтты мекенге айналдырып отырған ардақты адам. Өзінен кейінгі бар бауыры оның салған сара жолымен жүріп, әрбір істе аға сөзін ақыл деп ұғып әрекет етеді.

- Бізді заман да, сол кездегі тәрбие де еңбекке үйретті. Кішкентайымыздан еңбекке араласып өстік. Ат жалын тартып мінер азамат болған уақытта сол үйреткен дағды бойынша қандай жұмыс болса да тартынбай, бар жұмысқа жан-тәнімізбен беріле араластық. Сол үйренгенімізден жаман болғанымыз жоқ. Қайсыбір жылдары, кеңшарда трактор мен комбайн айдадым, кейіннен Оралға жолаушы тасымалдадым. Сондай кезеңдер де басымыздан өтті. Тәртіп, еңбек, жақсы әдет – осы үшеуі адамның дұрыс бағытта өмір сүруіне қажет дүниелер. Ерінбей еңбектенген және тәртіпке бағынған адам жер де қалмайды деп ойлаймын, – деді отағасы Талғат Құспанов өз сөзінде.

WhatsApp Image 2023-09-22 at 19.21.49

Сиырды сауып, оның сүтінен қаймағы мен майын, айраны мен құртын, көжесі мен майқұртын қайнатып барлық тіршіліктің берекесін келтіріп отырған отанасы сегіз қырлы бір сырлы жан. Мариям апамыз тек ас үйдің тіршілігімен ғана айналысып қоймай, өз тігін машинасымен көрпе-жастығын, құрағын тігеді. Қойдың жүнін жуып-тазалап, оны өз қолымен түтіп жасаған көрпешелері үй төрінде төселіп жатыр. Үлкен шаңырақтың тұңғышымен тұрмыс құрған Мариям апамыз, үйдің бар тірлігін ұршықша иіріп, өзінен кейінгі қайнылары мен қайынсіңлілеріне анасындай қамқорлық жасаған. Бүгінде Талғат ағамыздың әр бауыры өз жеңгелерін анасындай сыйлап, құрметке бөлеп келеді. Мариям апамыздың қолынан шыққан сүт өнімдері Казталовтық тұрғындардың тұрақты тұтынатын табиғи өнімі. Бал татыған қаймағы мен майы, тәтті майқұрты, айраны мен сүті аудан орталығында үлкен сұранысқа ие.

Екі ұл, бір қыз баланы тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған ерлі-зайыптылар, қазіргі күні 8 немере 3 жиен сүйіп отырған аяулы ата мен әже. Олардың негізгі айналысар ісі – мал шаруашылығы. Ерінбей еткен еңбектің арқасында ірі қарасын, қой-ешкісі мен жылқысының санын өсіріп, өз техникаларымен мал азығын дайындайды. Артылған шөпті ауыл-аймаққа сатып, табыс табады.

«Еңбектің наны тәтті» демекші әр күні қайталанатын тірліктен жалықпай, төккен тердің арқасында табысын тауып отырған бұл жандарды нағыз еңбек адамдарының жарқын үлгісі десек артық болмас. Еліне сыйлы еңбек адамдарының берекелі тірлігі көрген жанның көзін сүйсінтпей қоймасы анық.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале