19.06.2026, 15:05
Оқылды: 11

Елтай әкімдігіне үміткерлер арасындағы пікірсайыс

Сырым ауданы, Елтай ауылдық округі әкімінің сайлауына орай кандидаттар арасында ашық пікірсайыс ұйымдастырылды. Үш кезеңнен тұрған сайыс барысында үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ауыл тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Елтай

Пікірсайыстың алғашқы кезеңінде кандидаттар өз өмірбаяндары мен сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Олар ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарларын баяндап, алдағы уақытта жүзеге асырмақ болған бастамаларына тоқталды.

Екінші бөлімде кандидаттар бір-біріне сұрақтар қойып, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы көзқарастарын ортаға салды. Сондай-ақ елді мекендегі түйткілді мәселелерді шешудің жолдары мен нақты ұсыныстарын жеткізді.

Пікірсайыстың келесі кезеңінде кандидаттар залда отырған сайлаушылардың тосын сауалдарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі ауылдағы өзекті мәселелерге арналды.

Атап айтқанда, ауылішілік күл-қоқысты тазарту, электр желілерінің жағдайы және интернет байланысының сапасы сөз болды.

Әсіресе ауыл тұрғындарын толғандырған ең маңызды мәселенің бірі – ауыл малына қарайтын бақташының жоқтығы екені айтылды. Тұрғындар мал бағу мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін көтеріп, кандидаттардың бұл бағыттағы жоспарларына қызығушылық танытты.

Сонымен қатар ауылдағы тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту және интернет байланысының сапасын жақсарту мәселелері де сайлаушылар тарапынан өткір қойылды.

Пікірсайысқа қатысқан кандидаттар – Тұрар Камалов және Райымбек Құлтемір. Үміткерлердің сөйлеу кезегі жеребе тарту арқылы анықталды.

Шара соңында кандидаттар тұрғындардың ұсыныс-пікірлері алдағы жұмыста басты назарда болатынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Елтай ауылдық округі әкімінің сайлауы 5 шілде күні өтеді.

Қоңдыкер Елеуов,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале