1.03.2023, 22:21
Оқылды: 46

Еңбек адамдарына төр ұсынды

Бүгін аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Халық алғысына бөленгендер» атты мерекелік шара өтті. «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің «Бозінген» биімен сахна шымылдығы ашылып, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жақсылық Абдолов құттықтау сөз сөйледі. Бұл мерекелік концерттің өзге шаралардан ерекшелігі - ауданымыздағы қарапайым еңбек адамдарына төр ұсыну болды.

WhatsApp Image 2023-03-01 at 17.45.26 (1)

Кеш жүргізушісі түрлі салада аянбай тер төгіп, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар еңбек адамдарын сахна төріне шақырды. Аудан жұртшылығы әр ісін жазбай танитын "Әлем" шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов, қайсар да ақжаулықты ана, бейнетінің зейнетін көріп отырған Бәтима Әліпқалиқызы, темірден түйін түйген шебер, еңбек ардагері Мәлік Мансұров, аудан тұрғындары арасында «алтын қол» аталып кеткен өз ісінің шебері, аудандық аурухананың медбикесі Дамира Боқанқызы, жеке кәсіпкерлікті адамгершілік қағидаларынан төмен қойған жылы жүректі Дәріжан Ахметқалиева, қазіргі таңда әйелдер қауымына аса таныс емес токарь мамандығын меңгеріп, қолынан келген істі ел игілігіне тарту еткен зейнеткер Надежда Сәлиқызы, қайырымдылықпен айналысып халық алғысына кенелген ауданның бас имамы Есенболат Абдуғалиев, өмір белесін қажырлы еңбегімен асқан, туған топырағымыздың тазалығын қадағалаған "Eco Club" ЖШС-ның автокөлік жүргізушісі Нұрболат Мәдиұлы, ұзақ жылдар бойы аудан жұртшылығын Орал қаласына жеткізуді ең сенімді кәсібіне айналдырған Темірболат Шагиров, аудан әкімдігінің "Жолаушы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының слесарьі Бауыржан Қатапұлы сынды жандар өз салаларының қыр-сырымен бөлісіп, көрермендерге ағынан жарылды. Әрмен қарай аталмыш шара Айдана Нұртаеваның орындауындағы «Жақсы адамдар» әнімен өрнектеліп, Райымбек Кәрімовтың орындауындағы «Ана» әнімен жалғасын тапты.

WhatsApp Image 2023-03-01 at 17.45.26 (2)

Еңбек адамдарының ішіндегі әкелер қауымына алғыс ретінде Өмірзақ Жармұхамбетов «Рақмет саған, Әке» әнін жүрек тебіренте орындаса, Шынтемір Рамазанов пен Дамир Зейнуллин күмбірлете күй тартты. Асылан Боранбаев пен Шынар Каюпова «Кешір мені» әнін шырқаған кеш, қонақтардың тілек-пікірмен толықты.
- Не көрсек те, қиын жағдайлар басымыздан өтсе де туған жеріміз бен көрінген ұрпағымыз үшін жан салдық. Аз да болса жасаған еңбегімізді ескеріп жатқан барша ағайынға алғыс білдіремін, - деді зейнеткер ана Бәтима Әліпқалиқызы.

Жылылыққа толы шара Тамара Кафарованың орындауындағы «Дүние-ай» әнінен кейін өз мәресіне жетті. Келген қонақтарға аудан әкімнің алғысхаты табысталып, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың құттықтау хатымен Нұрболат Әлібеков марапатталды.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале